Қазақстанда халықтың 44,5%-ы спортпен тұрақты айналысады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда халықтың 44,5%-ы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады.
Үкімет мәліметінше, балалар мен жасөспірімдердің 34,6%-ы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Қазіргі таңда 4 пен 17 жас аралығындағы 228 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысады. Бұл мақсатқа жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі арқылы 50 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар еліміздегі 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 400 мың жас спортшы жаттығады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаттықтырушылық қызмет, спорттық медицина, спорттық аналитика және спорт менеджменті бағыттары бойынша мамандар даярлайтын Қазақ ұлттық спорт университеті жұмысын бастады. Бүгінде елде 26,5 мың спорт нысаны жұмыс істейді. Биылдың өзінде 34 жаңа нысан пайдалануға берілді, оның 21-і ауылдық жерде орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 87 спорт нысанының құрылысы аяқталады, – делінген Үкімет хабарламасында.
Үкіметтің мәліметінше, бұқаралық спорттың дамуы халықаралық ареналардағы жоғары нәтижелерге де ықпал етіп отыр.
– XXV Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан тарихтағы алғашқы алтын медалін жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 19-орынға тұрақтады. XIV Қысқы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшы биатлон мен шаңғы жарысынан алтын және қола медаль иеленді. Сондай-ақ қазақстандық теннисші Australian Open турнирінің әйелдер арасындағы жекелей сынында чемпион атанды, стенд атудан Әлем кубогында әлемдік рекорд қайталанып, қазақстандық шахматшы Norway Chess Women 2026 супертурнирінің жеңімпазы болды, – деп атап өтті Үкімет.
Жыл басынан бері қазақстандық спортшылар 11 әлем чемпионаты мен 26 Азия чемпионатында жалпы 152 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 99 алтын, 33 күміс және 20 қола медаль бар.
Сонымен қатар Қазақстанда семсерлесу, стенд ату және бочча спорт түрлерінен Әлем кубоктары, IBSA JUDO GRAND PRIX ASTANA халықаралық турнирі және дзюдодан Grand Slam кезеңдері жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Айта кетейік, ауыл халқының 62,1%-ы спорт инфрақұрылымымен қамтылған.