Қазақстанда халықты әлеуметтік қолдаудың кешенді жүйесі дамып келеді - Гүлшара Әбдіқалықова
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Серік Сәбеков/ - Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен «тікелей желі» барысында түскен 40-мыңнан астам сұраққа бүгінде барлық мемлекеттік ведомстволар жауап беруде, олардан Еңбек және әлеуметтік қорғау минстрлігі де тыс қалған жоқ, өйткені көптеген сұрақтар нақ осы әлеуметтік салаға қатысты болды. Азаматтарды еңбекке орналастыру, зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеу, мемлекет беретін жеңілдіктер мәселелері толғандырды. Осы және басқа да мәселелерге осы ведомствоның басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жауап қайтарды.
- Гүлшара Наушақызы, біздің азаматтарымыз мынадай сұраққа жауап алғысы келеді: 2010 жылы демографиялық ахуалды жақсарту және балалы отбасыларын қолдау үшін Үкімет қандай жұмыстарды жоспарлап отыр?
- Демографиялық ахуалды жақсарту және балалы отбасыларын қолдау мақсатында «Қазақстан Республикасының заң актілеріне азаматтардың кейбір санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасы жасалды, онда 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап: төртінші және одан да көп бала туғандарға берілетін біржолғы жәрдем мөлшерін 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту көзделген. Жәрдемақы мөлшері 70650 теңгені құрайды; бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақылар мөлшерін: бірінші балаға 5,0-ден 5,5 АЕК-ке дейін (7773 теңге); екінші балаға - 5,5-тен 6,3 АЕК-ке дейін (9158); үшінші балаға - 6,0-ден 7,5 АЕК-ке дейін (10598 теңге); төртінші және одан көп балаға - 6,5тен 8,5 АЕК-ке дейін (12011 теңге) көбейту; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдарға еңбеқақының төменгі мөлшерінде (14952 теңге) жәрдемақы енгізу; көп бала туып және тәрбиелеген аналарды марапаттау үшін бала санын; «Алтын алқаға» 10-нан 7-ге дейін; «Күміс алқаға» - 8-ден 6-ға дейін азайту ; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен, «Ардақты ана» атағымен, І және ІІ дәределі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін арнайы жәрдем мөлшерін 3,9-дан 6 АЕК-ке дейін (8478 теңге) көбейту шаралары көзделген.
-Бүгінде көптеген әйелдер тұрғылықты жері ауысуына байланысты балалар күтіміне берілетін біржолғы жәрдем алу проблемасына кезігіп отыр. Мұндай жағдайда оны алу ережелері қандай?
- «Балалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемдер туралы» ҚР Заңының 5 бабының 2-тармағына сәйкес жәрдемақы тағайындау туралы өтінішке өтініш берушінің тұрғылықты жерін қуаттайтын құжаттың көшірмесі жалғанады (азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі немесе мекенжай бюросынан анықтама немесе ауылдық округ әкімінің анықтамасы).
Жәрдемақылардың әртүрлі жерде тағайындалуын болдырмау мақсатында, яғни нақты тұрғылықты жері мен тіркелген жерінен қоса-қабат тағайындалмауы үшін Үкіметтің 12.07.2000 жылғы № 1063 «Қазақстан Республикасының халқын тіркеу және құжаттар ережелері туралы» қаулысына сәйкес жәрдемақыны өтініш берушінің тіркелген жеріненберудің бірыңғай тәртібі қабылданған. Сондықтан да тұрғылықты жерін ауыстырған әйелдер құжаттарын сәйкестендіріп әкелуі және тұрғылықты орнындағы зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығына ұсынуы тиіс.
- Қазақстанда демографиялық жағдай көрші Ресейдегіден анағұрлым нашар екені жасырын емес, алайда Ресей Федерациясында аналық капитал мөлшері Қазақстандағыдан бірнеше жүз есе жоғары. Біздің елімізде де оны көбейту жоспарланып отырған жоқ па?
- Ресейдегі балалы отбасыларын мемлекеттік қолдау шаралары көбіне екінші және одан да көп бала тууды ынталандыруға бағытталған. Ресейлік бағдарлама кемінде 10 жыл мерзімге есептелген, сонымен қатар ана капиталы қаржылары мақсатты мұқтаждарға: тұрғын үй сатып алуға, балалардың жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алуларына, зейнетақы жинақтарына жұмсауға бағытталған.
Бұл бағдарламаның көптеген артықшылықтары болғанмен, демографиялық проблемаларды шешу көп жағдайда әйелдердің номиналдық табысын арттырумен ғана шектелмейді. Ресей тәжірибесі сондай-ақ «ана капиталының» бағдарламасын толыққанды дамыту сонымен бір мезгілде инфрақұрылымдарды қалпына келтіру, яғни, балабақшаларды, емханаларды салу және жаңарту, әйелдердің одан әрі еңбекке орналасуын арттыру, оларға әлеуметтік кепілдіктерді ұлғайту сияқты көптеген кешенді мәселелермен де байланысты екенін көрсетуде.
Осыған байланысты айтарым, Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың кешенді жүйесі дамытылуда. «Балалы отбасының мемлекеттік жәрдемақылары туралы» Заңға сәйкес жәрдемақының үш түрі көзделген, сонымен қатар 2008 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесіне әлеуметтік сақтандыруға қатысушы жұмыс жасайтын әйелдер үшін әлеуметтік тәуекелдіктің қосымша екі түрі енгізілді. Сондай-ақ балаларға республикалық бюджеттен жәрдемақы төленумен қатар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да отбасылық бюджетті қолдау үшін жәрдемақы төленіп тұрады.
Ана мен баланы әлеуметтік қорғау, демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарында 2010 жылдан бастап бала күтіміне байланысты жәрдемақыны олар бір жасқа толғанша кезең-кезеңімен орташа есеппен 2007 жылға қарағанда 2,5 есе ұлғайту; төртінші және одан кейінгі баланы босанғанда берілетін біржолғы жәрдемді 2007 жылдың деңгейімен салыстырғанда 4 есе ұлғайту; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға және қамқоршыларға еңбекақының төменгі мөлшеріндегі жәрдемақы енгізу көзделген. Қазақстан экономикалық мүмкіндіктерді ескере отырып, ана мен баланы әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыта беретін болады.
- Қазақстанда зейнеткерлік жасы төмендетіле ме?
- Қолданыстағы зейнетақы заңнамасында зейнеткерлік жасы ерлерге - 63 жыл, әйелдер үшін - 58 жас болып белгіленген. Зейнетақы жинақтарын қызметкерлердің өздері тікелей жүзеге асырады, осыған байланысты зейнеткерлік жасын төмендету зейнеткерлікке шыққан кездегі тұрақты зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге пайдалануы үшін болашақ зейнеткерлердің жеткілікті зейнетақы активтерін жасауға мүмкіндік бермейді.
- 2010 жылы зейнетақы мөлшері қаншаға өсіріледі?
- 2010 жылы мемлекеттің әлеуметтік төлемдерді ұлғайту жөніндегі барлық міндеттемелері толық көлемінде сақталатын болады. Бұдан дейін жоспарланғандағыдай, 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап зейнетақы төлемдерінің 25 пайызға көбейтілуі көзделуде. Былайша айтқанда, төменгі, орташа және ең жоғары зейнетақылар 1,25-ге индекстеледі. Базалық зейнетақы төлемі де арттылылып, 5981 теңгені құрайды. Базалық зейнетақы төлемдерін қосып есептегенде, төменгі зейнетақы 18 325 теңгені, орташа - 27 481 теңгені, ең көп зейнетақы 40 001 теңгені құрайтын болады.
- Көптеген оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселелері толғандырады, бұл жөнінде сіз не айта аласыз?
- Оралман мәртебесі бар адамдарды мемлекет арнайы мемлекеттік жәрдемақылармен, мүгедектігіне байланысты жәрдемақылармен, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақымен, жасына қарай зейнетақымен қамтамасыз етеді; ҚР Үкіметі белгілеген квотаға сәйкес орта кәсіптік және жоғары оқу орындарына түсуіне жәрдемдеседі; Қарулы күштер қатарында қызмет етуі кейінге қалдырылады.
Көші-қон квотасына енгізілген орамандардың квотадан тыс келгендерден айырмашылығы, мынадай қосымша жеңілдіктер мен өтемақылар көзделген: келген жерінен тұрғын үй сатып алу үшін отбасының әр мүшесіне 100 есе АЕК мөлшерінде қаржы бөлу, отбасы отағасына 15 есе АЕК көлемінде және отбасының әр мүшесіне 10 есе АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдем төлеу, 10 есе АЕК мөлшерінде отбасының әр мүшесіне көлік шығындарын төлеу, отбасына жүктерін тасып жеткізу үшін 50 есе АЕК мөлшерінде жәрдем төлеу көзделген.
Барлық оралмандардың кепілді медициналық қызмет көрсету көлеміне қолжетімділігі, білім алуы және әлеуметтік қамсыздандырылуы қамтамасыз етілген, сондай-ақ оларды мақсатты топтардың бірі ретінде жұмыспен қамту көзделеді.
«Нұрлы көш» бағдарламасы оралмандарды ұтымды қоныстандыруды, оларға әлекуметтік қолдау көрсетілуін, тұрғын үйлерге жайлы орналасуын көздейді. «Нұрлы көш» бағдарламасы ауқымында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісі» арқылы жылдық 4,5 пайыз өсіммен жеңілдікті несие бөлу жолымен оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделуде.
2009 жылы осы бағдарламаға сәйкес үш ілкі жоба жүзеге асырылуда (Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы, Ақмола облысының Көкшетау қаласы Қызылжар ауылы, Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласы), оларда 851 үй салынуда, барлық қажетті инженерлік-инфрақұрылымдарымен 200 пәтер қалпына келтірілуде.
2010 жылы Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында, Ақмола облысының Степногор қаласы Қарабұлақ, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Көктау, Қостанай облысынының Қостанай ауданындағы Заречный, Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Пеньков ауылдарында және Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласындағы «Асар» шағынауданында ілкі жобалар жүзеге асырылмақ.
- Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау жөнінде бүгінде қандай жұмыстар істелуде және болашақта қандай шаралар қолға алынбақ?
- Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдарға бағытталған бірқатар заңдар жүзеге асырылуда. Әрбір мүгедек жанға жеке оңалту бағдарламасы жасалуда, онда медициналық, әлеуметтік және кәсіби шаралар қарастырылған. Жеке бағдарламаға сәйкес мүгедектер арнайы арбашалармен, протездік-ортопедиялық құралдармен, тифлотехникалық және сурдотехникалық, міндетті түрде гигиеналық жабдықтармен қамтамасыз етілуде, санитарлық-курорттық жолдамалар берілуде, жеке көмекшілер қызметі көрсетілуде және ымдап сөйлеу мамандарымен қамтамасыз етілуде.
2008 жылы Қазақстан Мүгедектердің құқықтары конвенцияға және оның факультативтік хаттамасына қол қойды, бұл құжатта мүгедектерді қолдаудың көптеген шаралары қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарын жасау үшін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері енгізілді.
Заңға сәйкес арнайы әлеуметтік қызметтер өмірде қиындыққа ұшыраған мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетілуде. 2009 жылы психоневрологиялық патологияға ұшыраған балаларды қолдауға бағытталған әлеуметтік қорғау саласында арнайы әлеуметтік қызметтер стандарты енгізілді, ол арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын, көлемін және шарттарын белгілейді. Бұл стандарттарды жүзеге асыруда мемлекеттік, жеке және үкіметтік емес секторларда елеулі жұмыстар жүргізілмек.
2009 жылдан бастап Қазақстанның төрт облысында (ШҚО, ОҚО. Астана, Алматы) ілкі жобалар жүргізілуде: медикаменттер, киімдер мен жеке гигиена заттары, оқу жабдықтары, медициналық құралдар, көмекші құралдар сатып алынуда; психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелердің күндізгі бөлімдерінде - жартылай стационарларда 6-дан 10-жасқа дейінгі балалар топтары жасақталуда.
Бүгінгі таңда психоневрологиялық ауруларға ұшыраған ересек мүгедектер үшін халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандартының жобасы келісу рәсімдерінен өткізілуде, ол 2010 жылы күшіне енетін болады. 2011 жылы күшіне енетін қарттар мен мүгедектер, тірек-қозғалу мүшелері бұзылған балалар үшін стандарттар жасау қарастырылуда. 2009 жылдан бастап медициналық-әлеуметтік мекемелерде қызмет көрсетілетін мүгедектер үшін тамақтандырудың жаңа табиғи нормалары енгізілді, бұл олардың тамақтану сапасын елеулі түрде жақсартуға мүмкіндік берді. Мүгедектерге аурулығы себепті мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар және арнайы мемлекеттік жәрдемдер төлеу көзделген.
- Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс зейнетақы жинақтарына әсер ете ме, бүгінде көптеген салымшылар салымдарымыз азайып кетеді деп қорқады, бұлай мазасыздануға негіз бар ма?
- Бүгінгі таңда дағдарыстық жағдайлардың салдарынан зейнетақы салымдары азайып кетеді деп қорқатын себеп жоқ. Жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық саясаты ұзақмерзімге есептелген және алдағы уақытта әлемдік және қазақстандық экономиканың жақсаруы нәтижесінде ағымдағы жағдайда өтеліп отыратын болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы ақпанның 28-індегі «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған өзекті міндеттердің бірі зейнетақы салымдарының сақталуына кепілдікті қамтамасыз ету жөнінде болғанын атап өткен жөн. Осы міндеттерге сәйкес ҚР қолданыстағы зейнетақы заңнамасында мемлекет міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді.
Бүгінгі таңда жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жағдай тұрақталып келеді, бұған ҚР қаржы ұйымдарын және қаржы нарығын қадағалау және реттеу агенттігінің мәліметтері дәлел бола алады. Айталық, осы агенттіктің мәліметтері бойынша, зейнетақылар жинақтары 2009 жылғы 9 айда 21,8 млрд. теңге кіріс келтірген. Бүгінде жинақтау зейнетақы жүйесіне сенімнің басты факторы оның тұрақтылығы, сондықтан да бұл орайдағы жұмыс жалғаса беретін болады.
- Азаматтардың қай санаттарына бүгінде жеңілдікті зейнетақы көзделген?
-1998 жылғы қаңтардың 1-інен бері зейнетақы жүйесін реформалауға және зейнетақылық қамтамасыз ету жинақтау ұстанымдарына көшкеннен бері барлық жеңілдікті зейнетақылар алынып тасталды, бұл орайда төтенше және радиациялық тәуекелдер аймақтарында тұратын тұрғындардың ғана жеңілдіктері сақталып қалды.
1949 жылғы тамыздың 29-ынан бастап, 1963 жылғы шілденің 5-іне дейін төтенше және радиациялық сәуле алу тәуекелі аймағында тұрған адамдарға: - ерлерге жалпы еңбек өтілі 25 жыл болып, 50 жасқа толғанда, әйелдер - жалпы еңбек өтілі кемінде 20 жыл болып, 45 жасқа жеткенде зейнетақы тағайындалады. Азаматтардың қалған санаттары үшін зейнеткерлікке шығу: ерлерге 63 жас әйелдерге - 58 жас болып белгіленгенін жоғарыда айттық. Қазіргі кезде Парламентте жұмыс тобы «Ардагерлер туралы» Заң жобасын жасау жұмысын жалғастыруда, онда ардагерлердің мәртебесі мен санаттары беліленбек, оларға әлеуметтік кепілдіктердің ұйымдық, экономикалық және құқықтық негіздері қарастырылмақ. Бұл ретте ядролық қаруларды сынауға қатысқан, радиациялық апаттарды, басқа да апаттарды жоюға қатысушылар мен мүдегектер бөлек санаттар ретінде көрсетіледі.
- Еңбек заңнамасы жұмыстан босатылуына байланысты шығу жәрдемақысын төлеу бөлігінде жеке кәсіпорындарға қатысты ма?
- Еңбек заңнамасы Қазақстан аумағында еңбек қызметін атқаратын меншік түріне қарамастан барлығына бірдей. Еңбек заңнамасын бұзуға кінәлілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап беруі тиіс.