Қазақстанда халықтың мақсатты топтарының денсаулығын бақылау жөніндегі бағдарламалар кешенін жасау керек - Елбасы Жолдауы
ТАРАЗ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - «Қазақстанда халықтың мақсатты топтарының денсаулығын бақылау жөніндегі бағдарламалар кешенін жасау керек», -
деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жасаған дәстүрлі Жолдауында.
Президент, бірінші кезекте бала туу жасындағы әйелдердің денсаулық жағдайларын медициналық бақылауға алу қажеттілігіне тоқталды.
«Ауылдық жерлердегі медициналық көмек түрлерін кеңейтуге ерекше назар аудару керек», - деген Елбасы 2010 жылы елімізде жаңа әлеуметтік жоба қолға алынғанын, «Денсаулық» емдеу-диагностикалық пойыздары жолға шыққанын атап көрсетті.
«Еліміздің шеткі аудандарында тұратын ондаған мың адам байқаудан өтіп, ем-дом қабылдады», - деді Президент.
Сондай-ақ Елбасы медициналық мобилді кешендердің санын 50 бірлікке жеткізу керектігін айтты. «Ондай кешендерді өзімізде, Қазақстанда жасайтын боламыз. Профилактикалық медицинаның Қазақстан үшін маңызы зор және біз оны дамыта түсеміз», - деді Мемлекет басшысы.