Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда хайуанаттар бағының саны азайды

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанда хайуанаттар бағының саны соңғы жылдары айтарлықтай азайғанымен, саладағы қызмет көлемі өсіп келеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш рекордтық 2,6 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар контактілі хайуанаттар бақтарына қатысты жаңа талаптар енгізіліп, жануарларды қорғау мәселесі өзекті болып отыр. Бұл туралы Energyprom жазды.

Шымкент хайуанаттар бағында қарақулар балапан басып шығарды
Фото: Шымкент хайуанаттар бағы

Energyprom дерегінше, нарықтың даму қарқыны біркелкі болған жоқ. 2017 жылы хайуанаттар бақтарының қызмет көлемі 733,8 млн теңгеге дейін төмендеді. Одан кейін бұл көрсеткіш негізінен өсіп отырды. 2020 жылы көлемі 1,6 млрд теңгеге жеткенімен, 2021 жылы 1,3 млрд теңгегедейін қысқарды. 2022 жылдан бастап үздіксіз өсім байқалып, 2025 жылға қарай қызмет көлемі шамамен екі есе артты.

– Қызмет көлемінің ұлғаюы хайуанаттар бақтарының санының азаюы аясында болды. 2025 жылы Қазақстанда 8 хайуанаттар бағы, оның ішінде 3 контактілі хайуанаттар бағы, сондай-ақ 1 океанариум жұмыс істеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2017 және 2018 жылдары елімізде 20 хайуанаттар бағы болған. Осылайша, 2025 жылға қарай олардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 60%-ға қысқарды, – делінген мақалада.

Сонымен қатар контактілі хайуанаттар бақтарының саны бұдан да жылдам азайды. 2017 жылы олардың саны 14болса, 2019 жылы – 11, 2021 жылы – 6, ал 2025 жылы 3 қана қалды. Ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда олардың саны төрт еседен астам азайған.

- Бұл қысқару заңнамадағы өзгерістермен де байланысты. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда контактілі хайуанаттар бақтарының, көшпелі хайуанаттар бақтарының, көшпелі океанариумдардың және ауыл шаруашылығы мен үй жануарлары көрмелерінен басқа көшпелі жануарлар көрмелерінің қызметіне тыйым салынды. Бұл талап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңда белгіленген, – деп атап өтілген талдауда.

Сонымен қатар жануарларға дөрекі қарау мәселесі тек контактілі хайуанаттар бақтарымен шектелмейді. 2025 және 2026 жылдары Алматы хайуанаттар бағында келушілердің мүйізтұмсық пен арыстанға тас лақтырған екі жағдайы тіркелді. Сонымен қатар, жануарларды рұқсатсыз тамақтандыру да өзекті мәселе болып отыр. Мамандардың айтуынша, келушілер әкелген азық жануарлардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.

Былтырғы ресми статистикада елімізде әлі де 3 контактілі хайуанаттар бағы көрсетілген. Олар Астана қаласы мен Абай облысында орналасқан. Өңірлер бойынша қарастырсақ, хайуанаттар бақтары еліміздің 20 өңірінің 7-сінде ғана жұмыс істейді. Елдегі жалғыз океанариум бар.

– 2025 жылы Қазақстандағы хайуанаттар бақтары мен океанариумдағы жануарлар, құстар және балықтардың жалпы саны 14,4 мың басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ. 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 17%-ға өсті. Ең жоғары көрсеткіш 2018 жылы тіркеліп, онда 17,5 мың жануар, құс және балық болған. Кейінгі жылдары олардың саны 12 мыңнан 16,8 мыңға дейін өзгеріп отырды, – деп көрсетілген зерттеуде.

Айта кетейік, Алматы хайуанаттар бағында әйел арыстанға тас лақтырған.