Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығы құрылады

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа алаң цифрлық инновациялар мен ЖИ саласындағы құзыреттерді дамытудың драйверіне айналуы тиіс.

Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығы құрылады
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) Женевадағы штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартинмен кездесуі өтті.

Келіссөздердің басты нәтижесі Қазақстанда Орталық Азиядағы цифрлық трансформацияның негізгі хабына айналуға тиіс ХЭО Акселерация орталығын (ITU Acceleration Centre) құру туралы ынтымақтастық туралы келісіммен алмасу болды.

Жаңа алаң цифрлық инновациялар мен ЖИ саласындағы құзыреттерді дамытудың драйверіне айналуы тиіс. Орталықтың негізгі міндеттері — кадрлық әлеуетті арттыру, озық GovTech шешімдерін енгізу және өңірдегі цифрлық теңсіздікті еңсеруге жәрдемдесу. Жоба тек Қазақстанның ішкі нарығына ғана емес, сонымен қатар халықаралық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған, бұл ХЭО-ның жаһандық басымдықтарын өңірлік деңгейде нақты тәжірибелік шешімдерге айналдыруға мүмкіндік береді.

— Біз Халықаралық электр байланысы одағымен ынтымақтастығымыздың нақты нәтиже беріп жатқанына қуаныштымыз. Біз бұл орталықты цифрлық инновациялар, ЖИ саласындағы дағдыларды дамыту, әлеуетті арттыру және өңірлік ынтымақтастық үшін маңызды платформа ретінде көреміз, — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Кездесу барысында Жаслан Мәдиевтің жаңадан құрылған «AI for Good» жаһандық комиссиясының құрылтайшы мүшелері (Founding Members) қатарына енгізілгені атап өтілді. Қазақстан бұл органда мемлекет және үкімет басшыларымен, сондай-ақ әлемдік технологиялық көшбасшылармен қатар ұсынылған. Қазақстан тарапы мұны елдің ЖИ саласындағы әділ және инклюзивті жаһандық күн тәртібін қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанына деген жоғары сенімнің белгісі деп біледі.

ITU Acceleration Centre-ді құру — Қазақстанның ХЭО-мен тығыз серіктестігінің қисынды жалғасы. Бұл бастама еліміздің үздік әлемдік тәжірибелерді ұлттық цифрлық экожүйеге интеграциялауға қабілетті өңірлік көшбасшы мәртебесін растайды. Орталықтың жұмысы Қазақстанға инновациялық технологияларды енгізуге және Орталық Азиядағы серіктестерімен цифрландыру тәжірибесімен бөлісуге, бүкіл өңірдің технологиялық егемендігі мен тұрақты дамуын нығайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетелік Жаслан Мәдиев шетелдік инвесторларға Қазақстанның цифрлық бастамаларын таныстырған еді.