Қазақстанда ішек инфекцияларын алдын алудың онкүндігі басталды

«Онкүндік аясында еліміздің барлық өңірлерінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында өткір ішек инфекцияларының алдын алу жөнінде терапевтердің, жалпы тәжірибе дәрігерлерінің, педиатрлардың кеңес беретін ашық есік күндері ұйымдастырылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) «Салауатты жұмыс орындары», «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін ауруханалар», «Салауатты университеттер» жобалары шеңберінде мектепке дейінгі балаларға арналған ұйымдардың, лагерьлердің, балалар үйлерінің, интернаттардың, кәсіпорындардың, ұйымдардың қызметкерлері үшін оқыту семинарлары мен тренингтер өтеді»,-делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәліметінде.
Антисанитариялық жағдайлар, жеке гигиена ережелерін сақтамау, дұрыс сақталмаған немесе даярланбаған зарарлы азық-түлікті тұтыну ішек инфекцияларының жұғуына әсер етеді. ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметі бойынша 2014 жылы өткір ішек инфекциялары түрлерінің 13170 оқиғасы ( 2013 жылы - 14722 оқиға) тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында -9780 оқиға (2013 жылы - 10833 оқиға) орын алды. Сальмонеллёз инфекциясы мен ауыз арқылы жұғатын вирустық энтериттің төмендегені байқалады.