Қазақстанда исламдық қаржыландыру қағидасына негізделген бірінші шағын несие берілді

АСТАНА. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Ислам даму банкінің қаржысы бойынша бірінші шағын несиені Оңтүстік Қазақстан облысына берді. Қарыз алушы - исламдық қаржыландыру қағидасына сәйкес сүтті сиырларды сатып алуға 2 млн. теңге алған Түлкібас ауданына қарасты Мыңбай ауылының тұрғыны Айтмұқан Тлеушев, деп хабарлады «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі.
None
None

2011 жылы Қор мен Ислам даму банкі арасында Қазақстанда ауыл тұрғындары мен ауыл шаруащылығы тауар өндірушілерін шағын несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру үшін 10 млн. АҚШ долларын тарту туралы келісім жасалған болатын. Банк тарапынан бөлінген бірінші траншты игеру үш ілкі аймақ - Ақтөбе, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында басталды.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры - Қазақстанда исламдық қаржыландырудың бөлшек несиелеуді бастаған бірінші қаржы институты. Ислам даму банкінің қаржысына Қор үшін исламдық қаржыландырудың арнайы әдістемесі әзірленіп, «Сәтті» несиелеу бағдарламасы жасалынған болатын. Оның ішінде «Салам» және «Мұрабаха» несие өнімдері бекітіліп, ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің мал және өсімдік шаруашылығы үшін техника, мал, жабдықтарды сатып алуға өтінімдері түсе бастады. Шағын несиенің сомасы 25 мың АҚШ доллардан аспайды, табыстылық үстемесі - 9,5 пайызға дейін», - дейді қордың басқарма төрағасы Нармұқан Сарыбаев.

Несиеге алған қаржыға түлкібастық шаруа 11 сүтті сиыр және сауу аппаратын сатып алды. Мал ұстайтын қора мен шөпке арналған жаппаны алдын ала салып қойған. Бұрын да малмен айналысып, жылқы бордақылап, етті ауылдастарына, көрші ауылда орналасқан базарда сататын. Енді ірі қарадан етпен қатар сүт өнімдерін да алмақ.

«Несие маған тегін түсіп жатыр деп те айтуға болады. Сүтті Қарабұлақ ауылында базарға көтерме бағамен орташа 70 теңгеден тапсырамын. Жылына бұл ақшадан 2-3 млн. теңге жиналып қалады. Құдай қаласа түскен қаржымен қарызды жабамын. Сиырларым қазір буаз, одан алған бұқаларды бордақылап, етке тапсырамын. Ал сиыр басын көбейтіп, әрі қарай шаруашылығымды үлкейтсем деген ойым бар», - дейді А.Тлеушев

Бүгінде Қорға «Сәтті» бағдарламасы бойынша үш аймақта 19 өтініш түсті. Оның ішінен 4-і мақұлданып, қаржыландырылуда, қалғандары қаралу кезеңінде. Қазақстанның басқа аймақтарындағы жобаларды қаржыландыру келесі жылдан басталады деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар