Қазақстанда канадалық орман бизондары көбейіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бірнеше күн бұрын желіде жайылып жүрген бизондардың видеосы тараған еді. Бұл кадрлар «Бұйратау» ұлттық паркінде түсірілген екен.

канадалық бизон
Фото: Видеодан скрин

Шетелден алып келген бизондар жергілікті жағдайға тез бейімделіп, 2023 жылы алғаш рет төлдеді.

— Бизондар 2020 жылы біздің ұлттық паркке әкелінген еді. Қазір олардың саны 26-ға жетті. Қазір олар 400 гектар аумақта күтіліп, бапталып жатыр. Бизондарды жалпы туризмді дамыту мақсатында алып келген болатынбыз. Жергілікті тұрғындар мен туристер туристік маршрут арқылы бизондарды көруге мүмкіндік алады, — дейді «Бұйратау» ұлттық паркінің Табиғат кешендерін қорғау бөлімінің бастығы Қаһарман Хавдалмұрат «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген онлайн сұхбатында.

Мамандар бизондардың санын келер жылы 30-дан асыруды жоспарлап отыр.

— Бұл сиыртұқымдас болғандықтан, Қазақстанның ауа райына төзімді. Бұл жануар «канадалық орман бизоны» деп аталады. Біздің Орталық Қазақстанға жерсініп, жылдам бейімделіп кетті. Ешқандай мәселе туындаған жоқ. Бизондар жылына 1 бұзаудан төлдейді. Келесі жылы тағы 10 шақтысы қосылып, 30 бастан асып, 40-қа жуықтауы мүмкін, — дейді спикер.

Айта кетейік, «Ертіс орманында» жабайы жануарларға қысқы азық орындары дайындалып жатыр.

Соңғы жаңалықтар