Қазақстанда қанша адам өмір бойына түрмеде отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өмір бойына сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды, әрі іс жүзінде мұндай жағдайлар мүлдем тіркелмеген. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен хабарланды.
Ведомствоның мәліметінше, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге арналған мекемеде 200-ден астам сотталған азамат бар. Оның арасында әйелдер жоқ, ал сегіз адам — шетел азаматы.
Сот статистикасының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын 190-ға жуық адам өтеп келген. 2024 және 2025 жылдары бұл көрсеткіш 200-ден астам адамға жетті.
Сотталғандардың басым бөлігі аса ауыр қылмыстар, соның ішінде: кісі өлтіру, зорлау, қатыгездікпен кісі өлтіру, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды жыныстық зорлау сынды өрескел әрекет жасаған.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті заңнамаға сәйкес, өмір бойына сотталғандарды мерзімінен бұрын босату көзделмегенін баса айтты.
— Бұл санаттағы сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату жағдайлары тәжірибеде кездеспеген, — деп хабарлады комитетте.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі қылмыстық жауапкершіліктен кімдер босатылмайтынын атап өткен еді.
Аяулым Қанатқызы