Қазақстанда қаңтар-мамырда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,9 пайызға артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2015 жылғы қаңтар-мамырда 2014 жылғы қаңтар-мамырға қарағанда 102 пайызды құрады.
Қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-нің 67-68 пайызын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, 2015 жылғы қаңтар-мамырда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1993,2 млрд. теңгені құрды, бұл 2014 жылғы қаңтар-мамырға қарағанда 3,9 пайызға артық. Сонымен қатар, есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 5678,8 млрд. теңгені құрап, 2014 жылғы қаңтар-мамырға қарағанда 0,5 пайызға өскен. Ал кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндіріс көлемі 1 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде 0,2 пайызға өскен. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 1,7 пайыз, сумен жабдықтауда, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауда 9,6 пайызға төмендеген.
Бұдан бөлек, 2015 жылғы қаңтар-мамырда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 457,1 млрд. теңгені құрап, 2014 жылғы қаңтар-мамырға қарағанда 2,7 пайызға артқан. Ал осы аралықта «Көлік» саласы бойынша нақты көлем индексі 106,8 пайызды құрады. Сонымен қатар, осы кезеңде еліміздегі жүк айналымының көлемі 197,8 млрд. тонна/шақырымды (коммерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемінің бағалауы есебімен) құрап, 2014 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 5 пайызға кеміген. Ал жолаушылар айналымының көлемі 100,5 млрд. жолаушы/шақырымға теңесіп, 3,3 пайызға артты.