Қазақстанда Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметі құрылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметі қаржы нарығындағы дауларды сотқа дейінгі реттеудің негізгі институты болады және қолданыстағы банк, сақтандыру және микроқаржы омбудсманының жекелеген тетіктерін біріктіреді, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

қаржы омбудсманы
Фото: Gov.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы шеңберінде тұтынушылар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды сотқа дейінгі реттеудің бірыңғай және дәйекті тетігін қалыптастыру мақсатында Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметін құруды көздеп отыр.

— Қаржылық қызметтерді тұтынушы алынған жауаппен келіспеген жағдайда не ол белгіленген мерзімде болмаған жағдайда, Қаржы омбудсманының бірыңғай қызметіне жүгінуге құқылы. Қаржы омбудсманы тұтынушылар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды қарайды және қаржы ұйымдары орындауға міндетті шешімдер шығарады. Дау реттелмеген жағдайда, тұтынушыда сотқа жүгіну құқығы сақталады, — делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Дауларды реттеудің сотқа дейінгі тәртібі мынадай жағдайларда қолданылады:

1) тұтынушылардың ҚР банктеріне, бейрезидент-банктерінің филиалдарына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, микроқаржы ұйымдарына, банктік қарыз немесе микрокредит шарттары бойынша талап ету құқықтары берілген адамдарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, сондай-ақ қаржы өнімдерін ұсыну шарттарынан туындайтын бағалы қағаздар нарығындағы брокерлік ұйымдарға мүліктік талаптары болған кезде;

2) банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік банктік қарыз немесе микрокредит шартының талаптарын өзгертуден бас тартқан кезде не тұтынушы — жеке тұлғаның өтініші бойынша өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде;

3) сақтандыру шарттары бойынша сақтанушылар (сақтандырылушылар, пайда алушылар) мен сақтандыру ұйымдары арасында даулар, сондай-ақ міндетті және ерікті сақтандыру мәселелері бойынша сақтандыру ұйымдары арасында даулар туындаған кезде.

Қаржылық дауларды сотқа жеткізбей шешу үшін қаржылық қызметтерді тұтынушылар ретінде жеке адамдар, сондай-ақ шағын кәсіпкерлікке жататын заңды тұлғалар қарастырылады. Сонымен қатар сақтандыру саласында сақтандыру компаниялары арасындағы дауларды да қарау көзделіп отыр.

— Қаржы омбудсманы қызметінің кеңесіне агенттікпен алдын ала келісіп, қаржылық қызметтің жекелеген бағыттары бойынша қажет болған жағдайда бірнеше қаржы омбудсманын тағайындау құқығы беріледі. Ал агенттік қаржы омбудсмандарының қалай жұмыс істеуі керек екенін, қызметтің басқару жүйесіне қойылатын талаптарды белгілейді және қаржы ұйымдары мен Қаржы омбудсманы қызметінің осы талаптарды сақтауын қадағалайды, — деп түсіндірді ведомство.

Дауларды сотқа дейін шешу тәртібін енгізу соттарға түсетін жүктемені азайтып, агенттіктің негізгі күшін қаржы нарығын реттеу мен дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл қадағалау жұмысының тиімділігін де арттырады.

Жалпы ұсынылып отырған жүйе халықаралық тәжірибеге сай келеді және тұтынушылардың өтініштерін қараудың үш кезеңінен тұрады: алдымен қаржы ұйымына жүгіну, мәселе шешілмесе — қаржы омбудсманына жүгіну, ал қажет болған жағдайда соңғы сатыда агенттікке жүгіну.

Бұдан бұрын банк омбудсманы азаматтардың барлық кредиті бойынша дауларды реттеуге міндеті болатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар