Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда кәсіби дайындық стандарттарын әзірлейтін ұлттық институт болуы қажет - шетелдік инвесторлар

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «ҚазЭнерджи» мұнайгаз және энергетика ұйымдарының қауымдастығы жанындағы қызметті басқару, маман даярлау және білім беру мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Қазақстанда кәсіби дайындық стандарттарын әзірлейтін ұлттық институт болуы қажет - шетелдік инвесторлар

Отырыстың негізгі мақсаты - қазақстандық мамандардың кәсіби дайындығын көтеріп, оларға деген шетелдік компаниялардың сұранысын арттыру мәселесін жан-жақты талқыға салып, нақты іс-шараларды қолға алу. Кеңестің тең төрағасы Асан Нұғмановтың айтуынша, бүгінде шетелдік инвесторлардың көбісі қазақстандық мамандардың кәсіби дайындығына қанағаттанбайды. «Біз болсақ, осы мәселеге нақты баға бере алмай, еліміздегі кәсіби-техникалық әлеуеттің қай деңгейде екендігін анықтай алмаудамыз. Себебі, біздің экономикамыз еңбек ресурстарының өзіндік таралуына, яғни «еңбек күші өзіне қажетті саланы өзі тауып алады» деген қағидатқа негізделген. Қазіргі кезде біз бұл мәселені үкімет деңгейіне дейін шығарып отырмыз. Шетелдік инвесторлар болса, Қазақстандағы кәсіби-техникалық мамандардың дайындығын зерттеп, осы жұмыстарға қажетті қаражатты бөлуге даяр. Осының арқасында біз еліміздің кәсіби-техникалық әлеуетінің нақты деңгейін көре аламыз», - дейді А.Нұғманов.

Үйлестіру кеңесінің отырысын ашқан кеңес төрағасы Марк Роллинс атап көрсеткендей, бүгінгі таңда «ҚазМұнайГаз» компаниясы мамандардың кәсіби дайындық стандарттарын даярлауда. «Бұл - өте маңызды жұмыс. Ендігі кезекте, осы стандарттарды ұзақ уақытқа дейін қолдану мүмкіндігін жан-жақты қарастыру қажет. Меніңше, Қазақстанда осы іспетті стандарттарды әзірлейтін ұлттық институт немесе кеңес болуы шарт. Оны да кеңес мүшелерімен талқылап, іске асырудың тетіктерін ойластыруымыз қажет. Бұл бастама сөз жүзінде қалмас үшін арнайы жұмыс тобын құрып, нақты жұмысқа көшу керек деп ойлаймын», - дейді М.Роллинс.