Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы дәрі клиникалық сынақтың екінші кезеңіне өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жаңа дәрілік препарат клиникалық сынақтың екінші кезеңіне өтті. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингіде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Министрдің айтуынша, кез келген дәрілік препаратты әзірлеу – 6-7 кезеңнен тұратын күрделі процесс. Қазіргі уақытта зерттеушілер жануарларға жүргізілген барлық клиникалық сынақ кезеңдерін толық аяқтап, адамдарға жасалатын бірінші кезеңнен өткен.
– Біз клиникалық сынақтардың екінші кезеңіне өттік. Бұл кезеңде препараттың нақты мөлшері анықталады, яғни максималды әсер беретін оңтайлы мөлшері есептеледі. Дозаны арттырудың кез келген өзгерісі қайтадан рұқсат беру рәсімдерінен өтеді, – деді ол брифингіде.
Қазіргі уақытта зерттеу жұмыстарына Астана онкологиялық орталығы тартылған. Сондай-ақ сынақтар Алматы мен Қарағанды қалаларындағы онкологиялық орталықтарда да жүргізіліп жатыр.
Ведомство өкілінің айтуынша, екінші кезеңде препараттың алғашқы нәтижесі оң динамиканы көрсеткен.
– Бірінші кезеңде Алматы онкоорталығында ауыр онкологиялық диагнозы бар науқастарға, соның ішінде тоқ ішек пен асқазан обыры бойынша зерттеу жүргізілді. Екінші кезең нәтижесінде барлық қатысушының өмір сүру көрсеткіші сақталды, ал шамамен 30 пайызында метастаздардың және ісік таралуының азаюы байқалды, – деді спикер.
Қазіргі кезеңде препараттың дозасы нақтыланып, оның басқа онкологиялық ауру түрлеріне әсері де қосымша зерттеліп жатыр.
- Зерттеу нәтижелері бойынша биыл жылдың соңына дейін алдын ала қорытынды жасалып, кейін препаратты тіркеуге беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ нақты нәтижелер қыркүйек айында өтетін арнайы брифингіде жарияланбақ, - деп толықтырды министр.
Айта кетейік, Қазақстанда онкологиялық аурудың алдын алуға арналған қоспа әзірленіп жатыр.