Қазақстанда кең ауқымды сандық хабар тарату 2015 жылы басталады - «ҚазТелеРадио» АҚ басқарма төрағасы
АНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Жанат Әмірқұлов/ - Сәуірдің 28-інде Астанада «Telecom 2009: корпоративтік сектор үшін инновациялық шешімдер» тақырыбында форум өтеді, оның қатысушылары нарықтың ағымдағы жағдайы, оның даму келешегі туралы толық ақпарат алатын бірегей мүмкіндікке ие болады, жаңа жасалымдар мен шешімдер туралы басшылардың өз аузынан естіп-біледі,
саланы одан әрі дамыту жолдарын талқылайды. Форумда жетекші өндіруші компаниялар өкілдері мен операторлар соңғы жасалымдары туралы айтып береді. Ірі операторлар мен жүйелік ықпалдастырушылар энергетикадағы, көліктегі, мемлекеттік билік органдары үшін, банктегі, өнеркәсіп кәсіпорындарындағы, мұнай-газ секторындағы неғұрлым жарқын жобалар мен қызықты шешімдер жөнінде әңгімелейді. Алдағы форумның маңызы және оның міндеттері туралы ҚазАқпарат тілшісіне «ҚазТелеРадио» АҚ басқарма төрағасы Айдар Қуатбаев әңгімелейді.
- Айдар Шәкірұлы, Қазақстанның телерадиохабарын тарату саласы үшін алдағы форумның маңызы қандай?
- Форум Қазақстанның телекоммуникация секторындағы көптеген мемлекеттік, коммерциялық компаниялардың басын қосады. Тұтастай алғанда компаниялар тұрақты жұмысты қамтамасыз ету және нарықты, сонымен қатар сектордағы жаңа, игерілмеген қуыстарды барынша толтыру, сөйіп бүгінде өзекті болып отырған жұмыс орындарын сақтау және өздеріне қосымша табыстар келтіру үшін жалпы ұстанымдар мен идеяларға біріккен. Саланың жетекші мамандарымен нарықтың қазіргі жай-күйін және даму перспективаларын талқылау қызықты және пайдалы болмақ. Әлемде мультимедиалық қызметтердің буырқанған ілгері жылжуы жағдайында барынша тиімділікке қол жеткізу үшін көптеген операторлар бірлескен жобаларды қолға алуы тиіс - біреулерінде дайын инфрақұрылымы, ал енді бірінің технологиялық шешімдері мен білікті қызметкерлер штаты бар, басқалары қажетті материалдық және қаржы ресурстарын қамтамасыз ете алады. Тұтастай алғанда форум қазіргі жағдайға және одан әрі дамудың мүмкіндіктеріне барынша шынайы баға береді деп санаймын.
- Қазақстан 2009 жылы бірте-бірте сандық телевидениеге көшуді бастайтыны белгілі. Сандық телевидениенің мүмкіндіктері мен келешектегі дамуы жайында не айтуға болады?
- Иә, шынында да цифрлық хабар таратуға биылдың өзінде көшу үдерісін бастау жоспарланған болатын, бірақ, өкінішке қарай, бюджеттік қаржыландыру бөлінген жоқ. Бұған қарамастан біз өз күшімізбен қайткенде де бірнеше ірі қалада хабар таратуды іске қосқымыз келеді. Жер үстіндегі сандық телевизиялық хабарлар таратуды енгізу әлемде 1998 жылдың өзінде басталып кеткен болатын. Одан бері 11 жыл өтті, бірқатар қателіктер мен адасулар болғанымен жеткілікті тәжірибе жинақталды деуге болады. Оларды біздің елімізде аналогтық хабар таратудан сандық телевидениеге көшу кезінде, әрине, ескеру қажет. Бүгінде бүкіл әлемде сандық телевизиялық хабар тарату қай елде қай жылы аяқталады және аналогтық ТВ-хабарларын тарату қашан тоқтатылады деген негізгі мәселе талқылануда. Еуропа үшін Женева-2006 келісімінде, сондай-ақ оған қол қойған, басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да аналогтық хабар таратуды 2015 жылы тоқтатуы белгіленген. Әрбір ел өзінің географиялық ерекшеліктерін, экономикалық жағдайын, ғылыми-техникалық әлеуетін, елдегі телерадиохабарларын таратудың қалыптасқан құрылымын, сондай-ақ белгілі бір дәрежеде ұлттық ділін ескере отырып, өз жолымен жүреді. Бүгінде сандық телевидениеге көшу қажеттігін ешкімге ұғындырып жатудың қажеті жоқ. Сандық телерадиотаратуды енгізу - толғағы жеткен мәселе. Дұрысын айтқанда, сандық өріске шығуды техникалық жағынан жүзеге асыру - жұмыстың кішкентай ғана бөлігі, негізгісі - мемлекеттік деңгейде ұйымдастырушылық, құқықтық, жиіліктік, нормативтік және басқа да мәселелерді шешу. Халықты тұрмыстық қабылдағышпен (set top box) қамтамасыз ету де маңызды мәселе, өйткені кәдімгі теледидар арқылы сандық нұсқаны қабылдай алмайсың, бұл қабылдағыштарды жұрттың бәрі өздері сатып алуы тиіс пе немесе мемлекет отбасыларының бір бөлігін қамтамасыз ете ме - бұл мәселеге әзірше жауап жоқ. Олардың барлығы «Қазақстан Республикасында сандық хабар таратуға көшу бағдарламасы» ауқымында шешіледі, оның жобасымен қазір мүдделі ведомстволар айналысуда. Сандық нұсқаның аналогтық хабар таратудан артықшылығы өте көп. Ойлап қараңыз - аналогтық нұсқада біз бір жиілікте бір телебағдарламаны ғана тарата аламыз, ал сандық жүйеде - олардың саны 10-ға жетеді және бұл шегі емес. Қазір ауылдарда тұратын адамдар бір-екі телебағдарламаны ғана көреді, ал кейбірі бірде-бір мемлекеттік бағдарламаны қабылдай алмайды. Сондықтан да адамдар спутниктік табақшаларды сатып алып, әйтеуір бірдеңелерді көруге мәжбүр, айналып келгенде олар мемлекеттік саясаттан тысқары қалады, тіпті өз елінің жаңалықтарынан хабарсыз болып, алып-қашты қауесеттерге құлақ түруге тура келеді. Сондықтан да біздің бүгінгі басты міндет - қайткенде де елде цифрлық таратуды енгізуді жеделдету және әрбір тұрғынның мемлекеттік және ұлттық бағдарламаны көруіне жеткілікті жағдай жасау, оны әрбір тұрғынға жеткізу, сөйтіп адамдарға бөтен спутниктік операторлардың бөгде хабарларын көру қажетсіз болатын мүмкіндік жасау болып табылады. Бұдан басқа сандық тарату полилингвистикалық дыбыстық сүйемелдеуді қолдану мүмкіндігін қамтамасыз етеді, яғни көрсетілім біреу болғанмен, көрермен қажетті тілді өзі таңдайды, бұр ресурстарды үнемдей отырып, тілдер туралы заңның орындалуына, азаматтардың тең құқығын қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Болашақта HDTV хабары таратылады, бұл көрсетілімнің сапасы мен суреттерінің қанықтығын қамтамасыз етеді, әсіресе бұл диагоналы үлкен телевизорларда айқын байқалады. Үйдегі телевизордан телебағдарламалар хабарын көруден басқа, сандық стандарт ұялы телевидение қызметі сияқты қосымша мүмкіндіктер береді, өйткені Қазақстанда Интернетке қол жеткізу, корпоративтік тарату арналары, мәліметтер беру, ақпараттық ойын-сауықтық және интерактивтік сервис қызметі мүлдем дамымаған. Бұлардың бәрі пайдаланушылардың қызығушылығын арттырады, ал операторларға қосымша табыс әкеледі. Біздер қазірдің өзінде сандық нұсқада ұялы тарату мен Интернетке қол жеткізудің көрсетілім жүйесін таяу уақыттарда іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.
- «Қазтелерадио» АҚ сандық телевидениеге көшуге қандай қадамдар жасады, қазірдің өзінде қандай жоспарлар жасалған?
- Біз 2000 және 2006 жылдары бірнеше рет бірден бірнеше қалада сандық стандарт бойынша хабар таратуға әрекет жасадық. Сонда біз сандық нұсқаны енгізуге болатынын және қажет екенін ұғындық, өйткені аналогтық желіге қарағанда артықшылығы даусыз. Біз санға көшудің теориялық қырларын жан-жақты терең пысықтадық, бірақ та Қазақстанның жағдайларын ескергенде практикалық қадамдар әзірге аздау болып отыр. Сондықтан да алғашқы қадам тәжірибелік аймақ құрылысын салу болуы тиіс, онда біз қажетті шешімдерді пысықтай отырып, оның техникалық және экономикалық жағынан тиімділерін Қазақстанның барлық желісіне шығарар едік. Мысалға Беларуста бірден жұмыс желісін салуды шешті, бірақ бізге бұл шешім жарамайды, өйткені біз жердің рельефі мен көлемі жағынан мүлдем ерекшеленеміз. Әуелі біз телерадиобағдарламаларды бөлетін өз спутниктік желімізді салуды жоспарлап отырмыз, сосын оларды жерүсті беру стансыларына жеткізгіміз келеді (олардың саны 1200-ге жуық), өйткені Қазақстанның аумағы үлкен, ал тығыздығы салыстырмалы түрде көп емес, сондықтан да спутниктік желі бізге неғұрлым сәйкес келеді. Бірнеше ірі қалаларға қуатты, ал кенттерге - шағын қуатты таратқыштар орнатылады, оларда негізгі шешімдер көзделген. Ал одан әрі шағын стансыларда эфирде тарату ұйымдастырылады, бұл экономикалық көзқарас жағынан тиімдірек жол. Қазір біз сандық телевизиялық хабар таратуды, ұялы таратуды және мәліметтер беру арналарын ұйымдастыру үшін Қазақстанға жабдықтар кешенін жеткізу жөнінде жабдықтар және ықпалдатқыштар өндірушілермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Триада-ТВ, Rohde&Shwarz, Квант-Эфир, В-Люкс компаниялар тобымен уағдаластықтарға қол жеткізілді, мамырдың соңына қарай Алматыда DVB-T/H кешенді хабар таратуды іске қосуды, одан әрі Қарағандыға мәліметтер беруді жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа биыл бағдарламалар топтамасын қалыптастыру және оларды спутник арқылы мемлекеттік және ұлттық телерадиобағдарламаларды біздің эфирлік стансыларға тарату үшін DVB-S2/MPEG-4 орталық спутник стансысының құрылысын жоспарладық, бұдан әрі орталық спутник стансылары сандық эфир хабарларын таратуды ұйымдастыруға пайдаланылады. Бүгінгі таңда біз тестілеу жүргізіп, 2010 жылы Қазақстанда кең ауқымды сандық хабар таратуды бастау үшін жабдықтардың түпкілікті құрамын және оларды қосу схемасын анықтауымыз керек. Өйткені аналогтық хабар таратуды айыратын соңғы күндерге - 2015 жылға дейін онша көп уақыт қалған жоқ.