Қазақ ғалымдары киікті арнайы тәлімбақта өсіріп, зерттеп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстанда киік мәселесі төңірегінде түрлі пікір айтылып жүргені мәлім. Осы орайда Kazinform тілшісі ветеринария ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, «Ақбөкен» тәлімбағының аға ғылыми қызметкері Қайсар Кушалиевке бірнеше сауал қойған еді.

— Қайсар Жалитұлы, соңғы кезде Батыс Қазақстан облысында киіктің шамадан тыс көбейіп кеткені, сонымен қатар олардың арасында өлім-жітімнің аз еместігі жиі айтылып жүр. Осыған байланысты ойыңыз қандай?
— Бұл сөзіңіздің жаны бар. Шынында да киік аз өліп жатқан жоқ. Қыста текелері шығынға ұшыраса, көктемде әлсіздері судан өтерде шыға алмай қалады. Далада киік өлекселерінің көп екендігі туралы тұрғындар дабыл қағып, хабарлап жатады.
Ал олар неден өлді — міне, осыны зерттеу жағы кемшін. Бұрын киік жаппай қырылғанда, пастереллез деген диагноз қойылып келді. Қазіргі кезде сирек кездесетін ценуроз (айналма), эхинококкоз, мониезиоз сияқты аурулар шығып жатыр.
Тағы бір айтатын жайт, ақбөкеннің үстінде таскенелер қаптап кетті. Таскене түрлі ауруды тасымалдаушы болып есептеледі. Осы бетімен кете берсе, киіктер індетке тап болып, жаппай қырылуы ықтимал. Одан малға жұғуы да ғажап емес.

— Сонда мұның алдын алу үшін не істеуге болады?
— Менің ойымша, бұл үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі жолға қою керек. Бұл бағытта Қазақстанда тәлімбақтар ұйымдастырып, киікті сонда бағып-күтіп, зерттесе болар еді. Мұның оң тәжірибесі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы «Ақбөкен» тәлімбағында бар. Біз алдымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы киікті кішкентай төл кезінен бастап өсіру жөнінде рұқсат алдық.

— Жабайы жануарды қолда үйрету қиын шығар?
— Әрине. Өйткені жаңа туған төлге емізікпен сүт беру оңай нәрсе емес. Өліп те қалады. Сондықтан уыз еміп, бір-екі сағаттай әл жинағаннан кейін алса, аман өсіруге болады. Бастапқыда 200 бастайын алған едік, шығын да болмай қалған жоқ. Кейін соның жартысын Ұлытау облысындағы тәлімбаққа бердік. Қазіргі таңда 56 гектар аумақта алпыс шақты киік бар, соның жиырмадан астамы — теке.
Киікті тәлімбақта өсірудің бір тиімділігі, оны жан-жақты зерттеуге болады. Молекулалық-генетикалық зерттеу нәтижесінде киік қазіргі таңда ғана емес, болашақта қандай ауруларға шалдығуы мүмкін, соның бәрін анықтай аламыз. Сонымен қатар паразиттерге қарсы қандай дәрі-дәрмек қолдану керек, оның дозасы қандай, мұны да назардан тыс қалдырмаймыз.
Ғалымдарымыздың бірі Айгүл Қожаева паразиттер жөнінде докторлық диссертациясын қорғап шықты. Магистранттар да баршылық. Оған қоса Түрікменстан, Өзбекстан елдерінен мамандар келіп, ақыл-кеңес алып, кетіп жатыр.

— Ендеше, тәлімбақты кеңейту, Қазақстанда олардың санын көбейтуге мүмкіндік бар ма?
— Бұған толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. 56 гектар аздық етеді. Егер тәлімбақты кеңейтсек, киікті өнеркәсіптік негізде ұстауға болар еді. Яғни шағын ет комбинаттарын ашып, киік етін өңдеуге болады деп есептеймін. Сонда бұл ақбөкен санын айқай-шусыз реттеуге септігін тигізер еді.
Қорыта айтқанда, киіктер мекендейтін жерлерде тәлімбақ жұмысын жолға қойсақ, біз бұдан еш ұтылмаймыз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын киік санын қалай реттеуге болатыны жөнінде ғалымның пікірін жариялаған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда киіктердің арасында іш тастау кездесіп отырғаны жазылды.

