Қазақстанда киіктердің қырылу себебі айтылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда киіктердің қырылу көрсеткіші табиғи норма шегінде. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлім етті.

а
Фото: БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Оның айтуынша, киіктердің өмір сүру ұзақтығы орта есеппен бес жылдан аспайды, ал популяцияның жаңаруы 3-4 жыл сайын болып тұрады.

— Бізде киіктердің қырылуы жыл сайын тиісті табиғи норманың деңгейінде байқалып отыр. Ел аумағында 26 мың өлексесі анықталды, соның ішінде Батыс Қазақстан облысына 11 мыңы тиесілі. Өздеріңіз білесіздер, киіктің негізгі бөлігі БҚО-да, — деді Нұркен Шарбиев Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, киік санағының нәтижесі маусым айында жарияланады. Алдын ала болжам бойынша олардың саны 5 млн-нан асуы мүмкін.

Бұған дейін хабарланғандай, сәуір айының аяғында ел аумағында 17 мыңнан астам киік өлексесі жойылды. 

Айта кетейік, осыған дейін қыста неге киіктер қырылатыны туралы мәлімет бердік. 

Қыс мезгілінде аталық киіктердің қырылуы 5–10%, ал қатаң қыс кезінде бұл көрсеткіш 50–70%-ға жетеді.