ІІМ кеңейтілген алқасы: Қылмыс 10%-ға қысқарды, жаңа міндеттер жүктелді
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік қызмет қорытындыcы шығарылып, алдағы кезеңге негізгі міндеттер айқындалды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Отырысты ашқан Ішкі істер министрі Ержан Саденов 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін, онда «Заң мен Тәртіп» қағидаты конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өтті.
— Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидат мемлекеттік органдар мен жалпы қоғам қызметінің берік негізіне айналуы тиіс. Ішкі істер органдары үшін бұл заңды мүлтіксіз сақтау мен қамтамасыз ету, құқыққа бағыну мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту және қылмысқа қарсы ымырасыз күрес жүргізу дегенді білдіреді. Дәл осы бағыттар Әділетті Қазақстанды құрудың басты негізі болып қала береді, — деді Ержан Саденов.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елімізде қылмыс деңгейі 10%-ға азайды. Бұл көрсеткіш қылмыстың барлық негізгі санаттары бойынша төмендеген. Қылмыстарды ашу деңгейі жақсарып, жедел-іздестіру және тергеу жұмыстарының тиімділігі артты. Алдын алу шараларының нәтижесінде бұрын сотталған адамдармен, кәмелетке толмағандармен, алкогольдік масаң күйде, сондай-ақ қоғамдық орындар мен тұрмыстық-отбасылық салада жасалған қылмыстардың саны азайды.
Мемлекет басшысы жариялаған 2026 жыл — Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ішкі істер органдарын цифрлық трансформациялау негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Жасанды интеллектіні кеңінен қолдану, интеллектуалды бейнеталдау жүйелерін дамыту, ұшқышсыз технологияларды енгізу, жедел басқару орталықтарының мүмкіндіктерін кеңейту және патрульдік полиция қызметкерлерін толықтай смартжетондармен қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойылды.
Алқа отырысында жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Рақымшылық туралы» заңды іске асыру мәселелері де қаралды. Ержан Саденов рақымшылық актісін қолдану тиімді профилактикамен, қайта әлеуметтендірумен және босатылған азаматтарды жұмыспен қамтумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ аумақтық бөліністердің басшыларына әкімшілік рақымшылықты, оның ішінде заң талаптарына сәйкес келетін айыппұлдарды автоматты түрде есептен шығаруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысына да баға берілді. Министр қызметтік тәртіпті нығайтуды, заңның қатаң сақталуын қамтамасыз етуді және сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жұмысының тиімділігін арттыруды талап етті. Ержан Саденов қызметтік-әскери тәртіп пен заңды нығайту мәселесіне ерекше назар аударды.
Министр ведомстволық бақылауды күшейтуді талап етті. Сонымен қатар барлық деңгейдегі басшыларға қарамағындағы бөліністердің тәртібі үшін жеке жауапкершілік жүктелетіні ескертілді. «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту қоғамның қолдауынсыз мүмкін емес екені атап өтілді. Бүгінде азаматтардың басым бөлігі құқық бұзушылықтарға төзбеушілік танытып, белсенді азаматтық ұстаным көрсетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ішкі істер органдарына қолдау білдіріп отыр.
Алқа отырысын қорытындылаған Ішкі істер министрі қазіргі заманғы полиция қызметкері тек құқық қорғау жүйесінің өкілі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік саясаттың бөлігі екенін айтты. Сондықтан ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, жоғары құқықтық мәдениет пен заңға деген құрметті дәйекті түрде қалыптастыруы тиіс.
Айта кетейік, біз бұған дейін ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы жақсарып, іздеуде жүрген жүздеген қылмыскер ұсталып сондай-ақ бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топ пен заңсыз көші-қон арналарының қызметі тоқтатылғанын жаздық.