Қазақстанда киноға прокат құқығын берумен айналысатын сараптамалық комиссия құрылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрлігі фильмге прокаттау куәлігін беруден бұрын алдын ала көру құзыретін заңмен бекітпекші. Бұл туралы ведомствоның Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.

кинотеатр
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Министрлік 2025 жылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының берген тапсырмасы аясында фильмдерді кең кинопрокатқа шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу шараларын қарастыру үшін қолданыстағы заңнаманы күшейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда «Кинематография туралы» Заңға фильмдердің сапасын бағалау бойынша, оның мазмұнына мониторинг жүргізуді реттейтін норма, фильмге прокаттау куәлігін беруден бұрын фильмді алдын ала көру құзыреті, фильмді алдын ала көруді жүзеге асыратын сараптамалық комиссия құру бойынша, фильмнің алдын ала көруге жолданған нұсқасы прокатқа шығатын нұсқамен бірдей болуын міндеттейтін нормалар енгізу мәселесі пысықталып жатыр, - деп жазылған министрлік жауабында.

Ведомство мамандарының сөзінше, Қазақстан аумағында прокатқа шығатын фильмдер бірнеше параметр бойынша бағалаудан өтпек.

- Кинотеатрлардағы прокатқа шығатын фильмдердің мазмұнын, контентін белгіленген стандарттарға, нормативтік және заңнамалық талаптарға сәйкестігін тексеруге мүмкіндік беріледі. Фильмнің мазмұнын бағалау балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заңдарды бұзу, зорлық-зомбылықты, экстремизмді, нәсілдік немесе ұлттық төзімсіздікті насихаттау, қоғамдық мораль мен адамгершілік нормаларын бұзу сияқты тыйым салынған тақырыптарға тексеру үшін қажет. Заңнаманы күшейту нәтижесінде келешекте фильмдер сүзгіден өтіп, идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымдар реттеліп, қазақ тілінің шұбарлануы, азая түсетіні сөзсіз, - делінген ресми жауапта.

Айта кетсек, Дональд Трамп АҚШ-тан тыс жерде шығарылатын фильмдерге 100% баж салығын жариялағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар