Қазақстанда «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалі бекітілді
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы және Қазақстан баспагерлері мен кітаптаратушылар қауымдастығы, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан полиграфистер қауымдастығы, Қазақстан кітапханалар Қауымдастығы кітап мәртебесін арттыру мақсатында еліміздің кітап шығару ісі, баспа-полиграфия саласы, кітапхана жүйесі қызметкерлерін, қаламгерлерді, сонымен бірге кітап мәдениетін арттыруға зор үлес қосып жүрген еліміздің және шетелдің көрнекті мәдениет, саясат қайраткерлерін, бизнес өкілдерін ынталандыру мақсатында «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалін ұйымдастырды.
Бұл туралы Кітап палатасының баспасөз қызметінен хабарлады. Марапаттау рәсімі 20 желтоқсанда Алматы қаласында «Достық Үйінде» өтеді.
Марапаттау комиссиясы азаматтардың кітап мәдениетін арттыруға қосқан жеке үлесін басшылыққа ала отырып, шығармашылық еңбек пен адал қызметін, сонымен бірге кітап мәртебесін арттырудағы рухани ізденістерін басшылыққа алады. «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалімен марапаттау жылына екі мәрте: Қазақстан Республикасының Баспасөзі күні (28 маусым) және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай (16 желтоқсан) өткізіледі.
Салтанатты шара барысында кітап мәртебесін арттырған қоғам өкілдеріне мемлекеттік наградалар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің, Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының Құрмет грамоталары, Ресейдің И.Федоров атындағы «За вклад в полиграфию и издательское дело» медалі және Мерзімді баспасөз, кітап шығару, кітап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Халықаралық кеңес жанындағы Кітап палатасы басшыларының Кеңесі, Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы Атқару комитеті, И.Федоров атындағы Мәскеу мемлекеттік баспа университеті, Тәуелсіз мемлекеттер кітап таратушыларының қауымдастығы, Қазақстан, Украина, Беларусь Республикалары баспагерлері мен кітап таратушылар қауымдастықтары өкілдерімен бекітілген Ережеге сәйкес ұйымдастырылған «Amor librorum nos unit» (Бізді кітапқа деген сүйіспеншілігіміз біріктіреді) халықаралық ордені табыс етіледі.
Мапараттау комиссиясына 30-дан астам ұсыныстар келіп түсті. Ағымдағы жылдың 6 желтоқсанында өткен комиссия отырысында осы ұсыныстарды қарастыра келе Марапаттау комиссиясы 23 үміткерді «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медаліне лайықты деп тапты. Олардың қатарында ақын, жазушы, көрнекті қоғам қайраткері, дипломат О.Сүлейменов, «Zhersu» инвестициялық-өндірістік корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы Б.Оспанов, «Мектеп» баспасының директоры Е.Сатыбалдиев, «Балалар әдебиеті» баспасының директоры Ш.Мұхамеджанова, «Алматыкітап баспасының» директорлар кеңесінің төрайымы Э.Н.Баталова, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі Ғ.Қалибекұлы, С.Бегалин атындағы республикалық балалар кітапханасының директоры С.Раева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі С.Медеубекұлы, Кітап палатасы Баспасөз мұрағаты бөлімінің меңгерушісі Г.Нұрәлиева т.б. бар.
Еліміздің кітап шығару ісі саласындағы халықаралық байланыстарды басшылыққа ала отырып, комиссияның шешімімен Ресей Баспа және бұқаралық коммуникация Федералды агенттігінің жетекшісі М.В.Сеславинский, Беларусь Республикасы Ақпарат министрінің бірінші орынбасары Л.С.Ананич, Мәскеу қаласындағы «Художественная литература» баспасының директоры Г.В. Пряхин «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалімен және «Российская книжная палата» мемлекеттік мекемесі Құрмет грамотасымен марапатталды.
Салтанатты шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан «Кітап - рухани қазына» қайырымдылық шарасы аясында Алматы және Алматы облысының мектептеріне кітаптар табыс етіледі. Марапаттау шарасына Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, зиялы қауым өкілдері, баспагерлер мен кітап мекемесі мамандары, баспа саласына мамандар даярлайтын жоғары және кәсіби білім беретін оқу орындарының өкілдері қатысады.