Қазақстанда қызылша дерті былтырғы қарашадан бері белең алып барады - министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жедел респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.

ву
Фото: Астана әкімдігі

Ағымдағы эпидемиологиялық маусымның басынан, яғни 1 қыркүйектен бастап республика бойынша ЖРВИ-дің 3 332 252 жағдайы тіркелді. Бұл өткен маусымның ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмен.

Осы кезеңде зертханалық түрде расталған тұмаудың 3 018 жағдайы анықталды. Оның ішінде А тұмауы вирусы (H3N2) – 2 958 жағдай, А тұмауы вирусы (H1N1) – 53 жағдай, В тұмауы вирусы – 7 жағдай.

Тұмаудың алдын алу шаралары аясында 2 272 739 адам вакцинацияланды. Бұл халықтың 11,13 пайызын құрайды және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді.

Білім беру ұйымдарындағы оқу процесі штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Оқушылар арасындағы сырқаттанушылық сыныптағы оқушылар санының 20 пайызынан аспайды.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға профилактикалық шараларды сақтаудың маңыздылығын еске салады. Атап айтқанда, қолды үнемі жуу, үй-жайларды желдету, дымқыл тазалау жүргізу, сондай-ақ ауру белгілері байқалған жағдайда адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу қажет.

- Сонымен қатар елімізде қызылша ауруының тіркелуі жалғасып отыр. 2025 жылдың қараша айынан бастап сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Жағдайлар Шымкент қаласын қоспағанда, елдің 19 өңірінде тіркелген.

Сырқаттанушылардың негізгі үлесі егілмеген халыққа тиесілі. Ауру жағдайларының 80 пайызы вакцина алмаған адамдар арасында анықталған. Оның ішінде балалардың 58 пайызы ата-аналарының бас тартуына байланысты егілмеген, - деп жазды ведомстводан.

Мәселен, Қызылордада қызылша ауруының 71,1 пайызы екпе алмағандар арасынан анықталды.

Вакцинациялау қызылшаның алдын алудың жалғыз тиімді тәсілі болып қала береді. Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға ұлттық күнтізбеге сәйкес балалардың профилактикалық екпелерін тексеруді және қажет болған жағдайда тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға жүгінуді ұсынады.

Соңғы жаңалықтар