Қазақстанда көкжөтелмен ауырғандар саны 2,4 есе азайды
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда көкжөтелдің 83 жағдайы тіркелді, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 2,4 есеге төмендегенін көрсетеді, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.
Комитет вакцинацияның көкжөтелдің алдын алудың және аурудың ауыр асқынуларының, әсіресе ерте жастағы балалар арасында, алдын алудың ең тиімді тәсілі болып қала беретінін еске салады.
— Биылғы жылдың 4 айында көкжөтелге қарсы жоспарлы вакцинациямен 178,9 мың бала қамтылды, оның ішінде 1 жасқа дейінгі 51,6 мың бала, 1 жастағы 46,7 мың бала және 6 жастағы 80,7 мың бала, — делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар, белгіленген мерзімде екпе алмаған балаларды толықтыра иммундау жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері екпе алмағандар қатарындағы 18 жасқа дейінгі 64,6 мың бала мен жасөспірім көкжөтелге қарсы вакцинациямен қосымша қамтылды. Жұмыс қолда бар вакциналар көлемін пайдалана отырып жүргізіліп, жалғасатын болады.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары медицина ұйымдарымен бірлесіп, жұқпалы аурулардың, оның ішінде көкжөтелдің алдын алу, сондай-ақ профилактикалық екпелерді уақытылы алудың маңыздылығы мәселелері бойынша халық арасында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Бұдан бұрын СҚО-да көкжөтелмен сырқаттану төрт есе төмендегенін жазғанбыз.