Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда колледждерге құжат қабылдау жалғасып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына арналған колледждерге қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 55 мыңға жуық талапкер құжат тапсырды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

Алматы колледждеріне 8 мыңнан астам өтініш түсті
Фото: Алматы әкімдігі

Министрліктің мәліметінше, биыл жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 140 мың грант бөлген.

– Мемлекеттік білім беру тапсырысының басым бөлігі еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық мамандықтарға бағытталған. Сонымен қатар жасанды интеллект технигі, мехатроника, жаңартылатын энергетика, графикалық анимация технигі және экологиялық туризм менеджері секілді жаңа мамандықтар енгізілді, – делінген министрлік хабарламасында.

Колледждерге қабылдау кезінде бірқатар санаттағы талапкерлерге квота қарастырылған. Атап айтқанда, ауыл жастарына – 35%, мүгедектігі бар адамдарға – 10%, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға – 5%, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 1% квота бөлінеді. Бұдан бөлек, заңнамада көзделген тағы алты санат үшін жеңілдіктер қарастырылған.

Құжаттарды eGov.kz порталы арқылы немесе тікелей колледжге тапсыруға болады. Әрбір талапкер төрт мамандық пен төрт колледжді таңдауға мүмкіндік алады.

– Жұмысшы біліктілігі бойынша құжат қабылдау 27 тамызға дейін жалғасады. Бұл бағытқа түсушілер емтихансыз, сұхбаттасу нәтижесі бойынша қабылданады. Орта буын мамандықтарына құжат қабылдау 20 тамызға дейін жүргізіліп, конкурс 23–24 тамыз күндері аттестаттың орташа балы негізінде өтеді, – деп мәлімдеді министрлік.

Педагогикалық және медициналық мамандықтарға құжат қабылдау 10 тамызға дейін жалғасады. Конкурс 16–17 тамызда өтеді. Педагогикалық мамандықтарға түсушілер сұхбаттасудан, эссе немесе диктанттан өтсе, медициналық мамандықтарға арнайы емтихан, ал шығармашылық бағыттарға шығармашылық емтихан тапсырады.

Министрлік конкурс Ұлттық білім беру деректер қорының ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылған тәртіппен өткізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, әскери IT-мамандар даярлайтын институтқа құжат қабылдау басталды.