Қазақстанда коммуналдық секторға қатысты жаңа платформа іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жаңа электрондық платформа іске қосылды. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитеті мәлімдеді.
Президент жолдауында инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету, энергетикалық және коммуналдық жүйелерді басқарудың жаңа моделін қалыптастыру, тарифтік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету міндеттері ерекше атап өтілген. Осы бағытта ауқымды деректер базалары мен цифрлық платформаларды дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып белгіленді.
- Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту (ЭКСЖ) аясында 2025 жылғы қарашадан бастап «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-ның электрондық сатып алу жүйесі базасында жаңғырту жобаларына арналған электрондық платформа іске қосылды. Енді барлық табиғи монополиялар субъектілері инфрақұрылымды жаңғырту бойынша өтінімдерін онлайн режимде бере алады. Өтінімдер толық цифрлық форматта қаралып, әр жобаға бірегей ID беріліп, барлық іс-әрекет ЭЦҚ арқылы расталады, - делінген ақпаратта.
Платформа өтінім беруден бастап жобаларды пайдалануға беруге дейінгі толық циклді автоматтандырады. Мұнда жобаларды жоспарлау, іріктеу, келісу және мониторинг жүргізу, қаржыландыру тетіктерін айқындау, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, EPC-келісімшарттарды рәсімдеу, қазақстандық өндірушілерден оффтейк-механизм арқылы жабдық сатып алу үдерістері қамтылған.
Жүйе мемлекеттік реестрлермен және салалық деректер базаларымен біріктірілгендіктен, тексерістер жылдам жүргізіліп, әкімшілік кідірістер азаяды. Министрліктер, әкімдіктер және өтінім берушілер жеке кабинеттер арқылы қол жеткізе алады. Сонымен бірге онлайн-карта, интерактивті панельдер және ашық аналитикалық портал әзірленіп жатыр. Бұл нысандардың мәртебесін нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді.
- Энергетика және ТҮКШ салаларында цифрландыру жұмыстары тек платформамен шектелмейді. Ұлттық жоба аясында су, жылу және электр энергиясын есепке алу бойынша бірыңғай ақпараттық жүйенің архитектурасы қалыптастырылады. Жүйе МҚҚК ААЖ-мен, мемлекеттік энергетикалық реестрмен, EnergyTech және WaterTech жүйелерімен біріктіріледі. Нәтижесінде Smart Turmys бірыңғай платформасы іске қосылып, коммуналдық сектордағы барлық деректер орталықтандырылған түрде жиналып, талданатын болады, - деп түсіндірді комитеттен.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жаңа электрондық платформа ашықтықты, бақылауды және сапалы қызмет көрсетуді күшейтіп, ЭКСЖ жобасының негізгі қозғаушы күшіне айналмақ.
Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап жобалар сараптамасы жаңа цифрлық порталға өтеді.