Қазақстанда корей технологиясымен балмұздақ өндірісі іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда корей технологиясымен балмұздақ өндіру жолға қойылады. Бұл бағытта «Шин-Лайн», Ауыл шаруашылығы министрлігі және Оңтүстік Кореяның Sungwon Machinery Co., Ltd. компаниясы үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жоба аясында өндіріс жаңғыртылып, корей үлгісіндегі жаңа балмұздақ түрлерін шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы АШМ мәлім етті. 

Қазақстанда корей технологиясымен балмұздақ өндірісі іске қосылады
Фото: Pixabay

Меморандум озық азиялық технологияларды Қазақстанда енгізуге, өндірістік қуаттарды дамытуға және корей үлгісіндегі балмұздақ түрлерін шығаруды жолға қоюға бағытталған.

Қазақстанда корей технологиясымен балмұздақ өндірісі іске қосылады
Фото: АШМ

Келісім аясында тараптар технологиялық және инженерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

«Шин-Лайн» серіктестігі базасында «Шин-Лайн Инжиниринг» компаниясы құрылады. Жаңа компания заманауи өндірістік технологияларды енгізу, жетілдіру және қазақстандық өндіріс жағдайына бейімдеу бағытында жұмыс істейтін орталыққа айналмақ.

Ынтымақтастық аясында балмұздақ өндіруге арналған автоматтандырылған шешімдер енгізіледі. Атап айтқанда, құрғақ глазурьлеу (Dry Coater) технологиясы, жоғары дәлдікте жұмыс істейтін сорғы станциялары және Summer Crunch сериясындағы өндірістік кешендер қолданылады.

Оңтүстік Корея тарапының инженерлік шешімдері мен тәжірибесін пайдалану өндіріс үдерістерін жаңғыртып қана қоймай, жаңа технологияларды игеруге, кәсіпорынның өз инженерлік әлеуетін қалыптастыруға және қосылған құны жоғары жаңа өнім түрлерін шығаруға жол ашады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан жобаға ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдесіп, тамақ өнеркәсібіндегі инвестициялық белсенділікті ынталандыруға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат береді.

«Біз заманауи өндірістік технологияларды енгізу және дамыту бағытында жұмыс істейтін „Шин-Лайн Инжиниринг“ компаниясын құрып жатырмыз. Біздің мақсатымыз — Қазақстанға корейлік тәжірибені әкеліп, өз инженерлік әлеуетімізді қалыптастыру және халықаралық жоғары стандарттарға сай келетін жаңа өнімдер шығару. Біз технологиялық әлеуеті мықты серіктесті таңдадық. Бұл ынтымақтастық ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізеді деп сенеміз», — деді «Шин-Лайн» ЖШС президенті Андрей Шин.

Үш жылға жоспарланған бұл ынтымақтастық Қазақстанның тамақ өнеркәсібінде өнімді терең өңдеуді дамытуға, шетелдік технологияларды тартуға, отандық инженерлік әлеуетті арттыруға және қазақстандық брендтердің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Айта кетейік, Қазақстанда балмұздақ өндірісі 47,4% өсті.