Қазақстанда көрсетілетін фильмдерді қазақ тіліне аудару міндеттемесі өзгертілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрлігі Парламент қарауында жатқан «Кинематография туралы» заң жобасында фильмдерді қазақ тіліне дубляжау міндеттемесіне өзгеріс енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда көрсетілетін фильмдерді қазақ тіліне аудару міндеттемесі өзгертілді

Айта кетейік, қолданыстағы 2006 жылғы 15 желтоқсандағы ҚР Мәдениет туралы заңының 28-4 бабында «Шетел телеарналарынан ретрансляцияланған фильмдерді қоспағанда, прокаттау мақсатында ҚР аумағына әкелiнетiн барлық фильмдерге қазақ тiлiнде дубляж жасалуы тиiс» деп көрсетілген.

«Өздеріңізге мәлім, Мәдениет туралы заңда көрсетілген Қазақстан аумағында барлық фильмдер қазақ тілінде дубляждалуы тиіс деген норма жұмыс істемейді. Бұл норманы біз өзгертіп отырмыз. Қазақстанға орташа есеппен алғанда, жалпы 300-ге жуық фильм жеткзіледі, олардың басым бөлігі - маңызы зор, тәрбиелеуге бағытталған, интеллектуалды немесе әлеуметтік маңызы бар фильмдер қатарына жатпайтын шетелдік фильмдер. Сондықтан оларды міндетті дубляждау бүгінгі күнге қажет емес», - деді МСМ Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған нормаға балама ретінде қазақ тілінде субтитрлау немесе кадрдан тыс аударма қосылады.

«Нәтижесінде, заң жобасы аясында Қазақстанда шығарылған немесе ҚР аумағында прокаттау мақсатымен әкелінген фильмдерді қазақ тіліне дубляждау немесе субтитрлеу немесе кадрдан тыс аудару қажеттігі қарастырылып отыр. Бұл барлық жағынан тиімді норма деп есептейміз», - деп өз сөзін түйіндеді К. Сейітова.

Фото: top-master.biz