Қазақстанда құны 3 трлн теңгеден асатын 1300 МЖӘ келісімі жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында жалпы құны 3 трлн теңгеден асатын 1300 келісім жасалған. Бұл туралы Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға арналған халықаралық инвестициялық диалогта Қазақстандық МЖӘ орталығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айдос Көбетов мәлімдеді.

Қазақстанда құны 3 трлн теңгеден асатын 1300 МЖӘ келісімі жасалды
Фото: Pexels

Оның айтуынша, инвестициялық блоктың негізгі мақсаты — Қазақстан заңнамасының ірі капиталды қажет ететін жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін көрсету.

— Қазіргі таңда жалпы құны 3 трлн теңгеден асатын 1300 келісім жасалды. Бұрын басымдық әлеуметтік маңызы бар, халықтың күнделікті тіршілігін қамтамасыз ететін жобаларға берілсе, қазір автомобиль жолдары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы жобалар да жүзеге асырылып жатыр, — деді Айдос Көбетов.

Ол сондай-ақ былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен ерекше маңызы бар ірі жобалар тізімі айқындалғанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыруда Азия даму банкі және өзге де халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты күшейтіп жатқаны хабарланған еді.