Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда құрастырылған жүк көліктері мен автобустары нарықтан өз орнын табуда - Нұрлан Смағұлов

АЛМАТЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Алматы облыс Іле ауданы Колхозшы ауылындағы Hundai AutoTrans  автокөлік құрастыру кәсіпорнында өндірілген өнімдер ішкі нарықта ғана емес Кеден одағы мен Орталық Азия елдері аумағында да бәсекелестікке төтеп беруде.

Қазақстанда құрастырылған жүк көліктері мен автобустары нарықтан өз орнын табуда - Нұрлан Смағұлов

Оны жоба авторы саналатын «Астана моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтаен Назарбаев кәсіпорынның жұмысымен танысуға келген кезде айтты.

«Елбасы кәсіпорынның жұмысына көңілі толғанын, 20 жыл бұрын сендер маған отандық техникаларды шығарып, жаңа Астананы саламыз дегенде сенбеген едіңдер. Қазір оның бәрі жүзеге асып жатыр дегенді айтты. Сондай-ақ өндіріс орындарын дамытуға алдағы  уақытта мемлекет тарапынан қолдау жасалатынын жеткізді», - деді Н.Смағұлов. Оның айтуынша,  қазір өндірісті дамытуға кедергі болып отырған  ешқандай мәселе жоқ. Тек ерінбей жұмыс істеу керек. Қазір Қазақстанда шығарылған жүк көліктері БелАЗ, МАЗ бен трактор шығару зауыты сияқты ірі өндіріс орындары бар Беларусь нарығында да сұраныс табуда. Ал Ресейдің бұл бағытта өз саясаты бар. Дегенмен олармен де қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Қазақстандық менеджмент пен қазақстандық кәсіпкерлер қазір бәсекелестікке қабілетті бола бастады. Оған осы өндіріс орны айқын дәлел бола алады. Бұл біз үшін зор мақтаныш. Қазір біз бұрынғы кеңестік республикалар арасында машина жасау саласында ең дамыған ел саналатын Белорус мемлекетіне  өз өнімдерімізді сатып жатырмыз. Елбасының бүгінгі сапары біздің көліктерге деген қызығушылықты бұрынғыдан да арттыра түседі деп ойлаймын. Енді мемлекеттік субсидия өндірушіге емес, қазақстандық жүк көліктері мен автобустарын  сатып алушыларға жасалатын болады», - дейді Нұрлан Смағұлов.