Қазақстанда курьер, такси жүргізушілері мен фрилансерлер үшін жаңа ереже әзірленді
АСТАНА. KAZINFORM — «Ашық Үкімет» порталында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Платформалық жұмыспен қамтуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының жобасы әзірленді.
Құжат Әлеуметтік кодекстің 102 және 102-1-баптарына сәйкес әзірленген. Аталған баптар интернет-платформалар мен мобильді қосымшаларды пайдалана отырып қызмет көрсететін немесе жұмыс орындайтын жеке тұлғалардың платформалық жұмыспен қамтылуын, әлеуметтік қамсыздануының құқықтық негіздерін айқындайды.
Негіздемеде айтылғандай, бұл жобаны әзірлеуге платформалық жұмыспен қамту тәртібін біріздендіру, интернет-платформа операторлары, тапсырыс берушілер мен орындаушылар арасындағы қарым-қатынасты реттеу, сондай-ақ осы саладағы қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі себеп болған.
Бұйрық жобасын қабылдау нәтижесінде:
— платформалық жұмыспен қамтуды жүзеге асырудың бірыңғай тәсілдері қалыптастырылады;
— интернет-платформалар арқылы жұмыс істеу шарттарының ашықтығы қамтамасыз етіледі;
— орындаушылардың интернет-платформаларды пайдалану шарттары туралы хабардар болу деңгейі артады.
Құжат 25 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.
Айта кетейік, әйел курьерлерге құқықтық әрі психологиялық көмек көрсетіледі.
Елімізде курьер қызметіне қабылдаудың бірыңғай қағидасы қабылданады.