Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда құрылыс материалдарының импортына шектеу енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда үшінші елдер арқылы цемент, гипсокартон, табақты шыны, тас бұйымдары және құрғақ құрылыс қоспаларын импорттауға шектеу енгізілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

п
Фото: freepik

Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар отандық өндіріс көлемін арттыруға және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді.

– Басқа елдер арқылы цемент, гипсокартон, шыны, тас – бұйымдары мен құрғақ құрылыс қоспаларын импорттауға шектеулер енгізілді. Қабылданған шаралар ішкі нарықтағы баға деңгейіне кері әсер етпей, отандық өндіріс көлемінің артуына ықпал етті, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Сонымен қатар министр ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ету мақсатында минералды тыңайтқыштар экспорты лицензияланғанын атап өтті. Оның нәтижесінде отандық фермерлер минералды тыңайтқыштарды келісілген тұрақты бағамен алып жатыр.

Бұдан бөлек, металлалом айналымын реттеу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл қара металлургияны дамытуға, болаттың жаңа маркаларын игеруге, сондай-ақ автомобиль жасау, машина жасау және құрылыс салаларына қажетті өнім өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ұлттық тауарлар каталогына 30 млн жуық жазба енгізілді.