Қазақстанда құрылыс саласын бақылайтын бірыңғай портал іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде құрылыс саласындағы барлық портал интеграцияланып, бірыңғай ақпараттық жүйе құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлім етті. 

Қазақстанда құрылыс саласын бақылайтын бірыңғай портал іске қосылады
Фото: freepik.com

– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, осы салада цифрлық шешімдерді енгізу құрылыс жобаларын іске асыру мерзімдерін едәуір қысқартуға, шығындарды айтарлықтай азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша төмендетуге мүмкіндік береді. Объектілерді 3D модельдеу, цифрлық қала құрылысы кадастрлары, жобаларды келісудің электрондық платформалары секілді технологиялар және картография жүйелерімен интеграциялау құрылыс саласындағы қалыпты нормаға айналып келеді. Мемлекеттік қала құрылыс кадастрын, E-Qurylys порталын және ақпараттық модельдер банкін енгізе отырып, қағаз жүзіндегі құжат айналымынан түпкілікті цифрлық процестерге көшеміз, - деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы еліміздегі құрылыс саласын толық бақылайтын бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылатынын айтты.

– Бүгінгі таңда инженерлік инфрақұрылымның 90 пайыздан астамы цифрландырылды. Рұқсат құжаттамасын беру және жобаларды келісу бойынша мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру іске қосылды. Egov арқылы қол жеткізуге болатын үлестік құрылыстың бірыңғай тізілімі құрылды. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың соңына дейін бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылады. Ол құрылыс саласындағы қолданыстағы барлық порталды бірыңғай платформада интеграциялайтын болады. Жүйеде «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша қала құрылысын жоспарлаудан бастап, объектілерді пайдалануға беруге дейінгі өзекті ақпараттардың барлығы жинақталады, - деді Премьер-министр.

Сондай-ақ ол жүйені іске қосу үшін барлық өңір әкімдіктеріне осы жылғы 1 қазанға дейін инженерлік желілер схемалары мен қала құрылысы құжаттарын қоса алғанда, барлық деректі цифрландыруды аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ бұдан былай қалаларда салынып жатқан нысанның әуелгі жобасынан және салыну мақсатынан ауытқымауы үшін құрылыс объектісінің бірегей нөмірі енгізіледі.

Қазірдің өзінде 89 қалада бастапқы рұқсат құжаттарын, техникалық шарттарды беру цифрлық жүйе арқылы іске асырылып жатыр.

Одан бөлек 2026 жылы елімізде егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын іске асыруды жасанды интеллект бақылап отыратын болады.

Соңғы жаңалықтар