Қазақстанда құс шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құны Кеден одағындағы өзге елдерден өте жоғары - Құс өсірушілер одағының президенті
АЛМАТЫ. 3 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Құс шаруашылығын субсидиялау Қазақстанға қарағанда Ресейде 2 есе, ал Беларус елінде 3-4 есе жоғары. Оны ҚР Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов бүгін ҚазАқпарат тілшісіне Алматыдағы 6-шы Орталық Азиялық халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі аясында өткен конференция кезінде айтты.
"Қазақстанда асыл тұқымды тауық өсірілмейді. Құрал-жабдық шығаратын зауыттар да жоқ. Дәрі-дәрмектің бәрі сырттан келеді. Азық-түліктен де бидай мен арпадан басқаның бәрін өзге елдерден валютаға сатып аламыз. Сондықтан біздің құс өсірушілердің еті мен жұмыртқасының өзіндік құны Кеден одағындағы өзге елдерден өте жоғары", - дейді Руслан Исмайылұлы. Оның айтуынша, жұмыртқа мен ет өндірудің екі деңгейі бар. Біріншісі, жаңа технологияларды қолданып өндірісті озық құрал-жабдықтармен жабдықтағандар. Екіншісі, әлі ескі құрал-жабдықпен жұмыс істеп жүргендер. Мәселен, бірінші деңгейдегілерге субсидия 1 дана жұмыртқаны шығаруға 2,6 теңге, етте 1 келіге 66 теңгені құрайды. Ал екінші деңгейдегілерде ол жұмыртқада 2 теңге, етте 60 теңге болып отыр.
Қазақстан қазір жылына 2,8 миллиард дана жұмыртқа өндіреді. Ол ішкі нарықты қамтамасыз етуге артығымен жетеді. Ал тауық етінен 105 мың тонна бролер шығаруда. Ол сұраныстың 46-47 пайызын құрайды. Ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін 220-230 мың тонна тауық еті керек. Қазақстанның импорттық құс етіне берген квотасы 110 мың тонна. ҚР Құс өсірушілер одағы президентінің пайымдауынша, отандық өндірісшілер алдағы 2-3 жылда бұл олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндігі бар. Қазір құс еті АҚШ пен Бразилиядан импортталып отыр. Ал Кеден одағы аумағындағы серіктес елдерге келетін болсақ Ресей жылына 500-600 мың тонна тауық етін сырттан алып отыр. Тек көршілес аудандардың өндірісшілері оны Қазақстанға сату тиімді болғандықтан белгілі бір көлемде елімізге әкеп жатыр. Ал импорттық жұмыртқа көлемі айтарлықтай көп. Ресей өз өндірісшілерін Қазақстанға қарағанда 2 еседен астам субсидиялап отырғанына қарамастан баға онда біршама жоғары болып отыр. Р. Шариповтың сөзіне қарағанда, Қазақстан өндіріс орнын жаңартуға қолғабыс жасаса өндірісшілердің артық өнімді көрші елдердің нарығына шығаруға мүмкіндігі бар. Олар қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстанға шектеулі көлемде тауық еті мен жұмыртқаны экспорттай бастады.