Қазақстанда күз жылы әрі құбылмалы болады деп болжанып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірқатар өңірінде 7 қыркүйекке дауылды ескерту жарияланды. Елдің батысы мен солтүстігінде жаңбыр, найзағай және қатты жел күтілсе, кей өңірлерде аптап ыстық пен жоғары өрт қаупі сақталады. Алдағы күндері ауа температурасы біртіндеп төмендегенімен, жалпы биылғы күз жылы әрі құбылмалы болады деп болжанып отыр. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында «Қазгидромет» өкілі Аружан Мұратова айтты.

осень
Фото: Қaзгидромет

Синоптиктің мәліметінше, алдағы аптада Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы төмендейді. Әсіресе батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерде айтарлықтай салқындау күтіледі.

Батыс Қазақстан облысында 7-10 қыркүйек аралығында ауа температурасы 17-25 градустан 13-18 градусқа дейін төмендейді. Ақтөбе облысында 7-10 қыркүйекте температура 30-35 градустан 13-18 градусқа дейін түседі. Қостанай облысында осы кезеңде ауа температурасы 29-34 градустан 18-23 градусқа дейін төмендейді.

Солтүстік өңірлерде де күн салқындайды. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында ауа температурасы 27-30 градустан 18-23 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Орталық өңірлерде, соның ішінде Қарағанды облысында алдымен аздап жылыну байқалып, кейін ауа температурасы 18-23 градусқа дейін төмендейді. Ұлытау облысында да салқын ауа райы күтіледі.

Ал жауын-шашынға келсек, 7-10 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында, 8-10 қыркүйекте Ақтөбе және Қостанай облыстарында жаңбыр жауады. 11-13 қыркүйекте жауын-шашын Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Ұлытау облыстарында, 12-13 қыркүйекте Павлодар облысында күтіледі. Абай облысында 13 қыркүйекте жаңбыр жаууы мүмкін.
Кей өңірлерде жауын-шашынның қатты болуы ықтимал. Атап айтқанда 7-8 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында, 9-10 қыркүйекте Ақтөбе облысында, 12-13 қыркүйекте Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Ұлытау облыстарында қатты жаңбыр болжанып отыр.

Аружан Мұратованың айтуынша, жалпы биылғы күз жылы болады деп күтіледі. Жауын-шашын мөлшері негізінен климаттық нормаға жуық болады.

– Қыркүйек айында еліміздің басым бөлігінде орташа температура климаттық норма шамасында болады. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының батысында температура нормадан шамамен бір градус жоғары болуы ықтимал. Қазан және қараша айларында Қазақстанның көптеген облыстарында ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады деп болжанады. Оңтүстік-шығыста температура негізінен климаттық норма шамасында сақталады, – деді ол.

Жауын-шашын мөлшері бойынша да өңірлер арасында айырмашылық болады. Синоптиктің болжамынша, Қазақстанның қиыр батысы, солтүстік-батысы және солтүстік-шығысында жауын-шашын мөлшері нормадан көбірек болуы мүмкін.

Ал оңтүстік-батыс өңірлерде, соның ішінде Қызылорда мен Түркістан облыстарының басым бөлігінде, Маңғыстаудың оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігі мен Жамбыл облысының оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болуы ықтимал. Қараша айында Солтүстік Қазақстан, Қостанайдың солтүстік бөлігі, Ақмола және Павлодар облыстарында жауын-шашын мөлшерінің нормадан жоғары болуы болжанып отыр.

Осы ретте 7 қыркүйекте Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту күшінде болады. Ұлытау мен Қарағанды облыстарында желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ күтіледі. Ақтөбе облысында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде де ауа райы құбылмалы болады. Түркістан мен Жамбыл облыстарында жаңбыр, найзағай және қатты жел күтілсе, Жетісу облысының Алакөл маңында жел күшейеді. Алматы облысында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Солтүстік және шығыс өңірлерде де өрт қаупі бар. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының кей аудандарында жоғары өрт қаупі болжанып отыр. Қызылорда облысында күндіз шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Синоптиктердің болжамынша, биылғы күз жылы әрі құбылмалы өтеді. Қыркүйекте жаздың жылы күндері әлі де сақталғанымен, қазан мен қараша айларында да еліміздің көптеген өңірінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады деп күтіледі.