Қазақстанда медициналық резидентураға қабылдау толық цифрлық форматқа көшеді

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі резидентураға мемлекеттік тапсырысты орналастыру, оқуға қабылдау және медицина кадрларын даярлау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

денсаулық
Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Құжатқа сәйкес, негізгі жаңашылдық — резидентураның бірыңғай цифрлық платформасын енгізу. Жаңа жүйе болашақ медицина мамандарын қабылдау мен даярлаудың негізгі кезеңдерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, құжаттарды қабылдау онлайн форматта жүзеге асады, конкурстық іріктеу автоматтандырылады, ал білім гранттарын бөлу үдерісі ашық әрі айқын болады. Сондай-ақ талапкерлерді автоматты түрде рейтингтеу тетігі қарастырылған.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және адами факторды азайтып, өтінімдерді қарау мен шешім қабылдау мерзімдерін қысқартуға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, жаңа платформа медициналық білім беру ұйымдарын, ғылыми орталықтарды, ғылыми-зерттеу институттарын және денсаулық сақтау ұйымдарын бірыңғай ақпараттық кеңістікке біріктіреді. Бұл медицина кадрларын даярлау сапасын арттырып, білім беру және клиникалық базалар арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Министрліктің хабарлауынша, цифрлық шешімдер жас мамандар үшін оқуға түсу рәсімінің қолжетімділігін, әділдігін және ыңғайлылығын арттыруға бағытталған.

Жоба Қазақстан Республикасында Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында әзірленген.

Құжатты қоғамдық талқылау 2026 жылғы 15 маусымға дейін жалғасады. Егер бұйрық қабылданса, «Резидентураның цифрлық платформасы» ақпараттық жүйесі мен автоматтандырылған конкурстық рәсімдер 2026–2027 оқу жылында енгізілуі мүмкін.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Сенат отырысында интерн-дәрігерлерге медициналық ақпарат жүйелеріне кіруге рұқсат берілетінін айтты.