Қазақстанда мемлекеттік тілге деген құрмет артып келеді - У. Қалижанұлы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанда соңғы жылдары қоғамда мемлекеттік тілге деген құрмет артып келеді. Бұл туралы бүгін Алматыда «Ғылым ордасы» РМК кешенінде «Жас ғалымдар» клубы аясында жас ғылыми қызметкерлермен кездесу барысында М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА коррсепондент-мүшесі Уәлихан Қалижанұлы мәлімдеді.

Қазақстанда мемлекеттік тілге деген құрмет артып келеді - У. Қалижанұлы

Ғалымның айтуынша, Қазақстанда соңғы үш жыл ішінде тек қазақ тілінде білім беретін мектептер саны 11 пайызға артқан.

«Сонымен қатар, елімізде қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқитын оқушылардың үлес салмағы 70,9 пайызға жетіп отыр. Яғни, қазақ мектептерінің беделі арта бастады. Бұл елімізде ана тіліне деген құрметтің оянып келе жатқандығын білдіреді. Сонымен қатар, Қазақстанда тұратын жүзден астам халықтың өкілдері де өздерінің тілдерін, мәдениеттері мен дәстүрлерін ұстана отырып, бірлік пен достық идясы аясында мемлекеттік тілді меңгеріп жатыр. Өйткені, мемлекеттік тіл - ұлтты, мемлекетті біріктіруші күш» - деді У. Қалижанұлы.

Сонымен қатар, ол елімізде қолға алынған үштілділік мәселесі туралы да айтты.

«Елбасымыздың салиқалы саясатының негізінде бүгінгі жас ұрпақ үш тұғырлы тіл жүйесі бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерін ойдағыдай меңгеріп жатыр. Яғни, бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті және тарихы барлық мектептерде қазақша оқытылады. Сәйкесінше, орыс тілі орысша, ағылшын тілі ағылшынша игеріледі. Содан, ертең 12 жылдық мектепті бітірген түлектер үш тілді терең меңгеріп шығатын болады», - деді У. Қалижанұлы.

Айта кетелік, Қазақстанда «Тіл туралы» заң 1989 жылы қыркүйектің 22-де Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен қабылданған болатын. Осы алғашқы заң арқау болып, жан-жақты талқылаудан кейін 1997 жылы 11-ші шілдеде «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» Заңы жарыққа шықты. Ал, 1998 жылдың 20 қаңтарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 22 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды. Аталған күннен бастап елімізде Тілдер күні мерекесі жыл сайын аталып келеді. Бүгінгі шара осы Тілдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылды.