Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект курсы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге арналған «AI Qyzmet» атты жасанды интеллект курсы басталды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.

чиновник хищение документы
Фото: pixabay

— «AI Qyzmet» курсына қош келдіңіздер! Бүгіннен бастап сіз жұмыс барысында жасанды интеллектіні қалай тиімді қолдануға болатынын үйренесіз. Бұл курс жаңа технологияны түсінуді ғана емес, оны нақты әрекетке айналдырудың қадамы. «AI Qyzmet» — Орталық Азияда алғаш рет іске қосылған арнайы бағдарлама. Ол жерде күрделі теория болмайды, барлығы қарапайым тілмен түсіндіріліп, нақты мысалмен көрсетіледі, — деді Жаслан Мәдиев.

Министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект курсы 6 бөлімнен тұрады. 

— Әр бөлім нақты бір бағытқа арналған, мысалы, мәтін жазу, деректермен жұмыс, құжат әзірлеу, сөйлеуге дайындалу секілді тапсырмалар болады. Барлық материал қысқа әрі мазмұнды видео арқылы беріледі. Біз қысқа форматтағы оқыту тәсілін қолданамыз. Бұл сіздің уақытыңызды үнемдейді әрі ақпаратты тез меңгеруге мүмкіндік береді. Бір бөлімді меңгеруге шамамен 45 минут уақыт қажет, курс соңында сіз тапсырмаларды бұрынғыдан да жылдам әрі жеңіл орындай аласыз. Мәтін жазу, есеп жүргізу, презентация жасау әлдеқайда оңай болады. Ең бастысы жасанды интеллект құралын сенімді қолдана аласыз. Бұл адамның орнын баспайды, жұмысты жеңілдетіп, уақытты үнемдейтін құрал. Күнделікті қайталанатын істерді автоматты түрде орындап, маңызды мәселеге көбірек көңіл бөлуге жағдай жасайды. Енді жасанды интеллект сіздің кәсіби жұмысыңыздың тұрақты серігіне айналады, — дейді ведомство басшысы.

Бұған дейін елімізде оқушыдан мемлекеттік қызметшіге дейін жасанды интеллектіні меңгеретінін және оның маңызы туралы жазған едік. 

Айта кетейік, Цифрлық министрлігі алдағы бес жылда 1 млн-ға жуық қазақстандық жасанды интеллектіні меңгертуді көздеп отыр. 

Соңғы жаңалықтар