Қазақстанда металл сынықтары мен қалдықтарын әкетуге тыйым салу уақыты ұзартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрі тиісті бұйрыққа қол қойды.
 
                                              2025 жылғы 30 қазаннан бастап алты ай мерзімге ел аумағынан барлық көлік түрімен қара және түсті металдардың қалдықтары мен сынықтарын, оның ішінде мыс, алюминий, қорғасын, сондай-ақ қорғасын аккумуляторлары мен олардың құрамдас бөліктерін әкетуге шектеу енгізіледі.
Тыйым пайдаланылған құбырлар, рельстер, шпалдар және теміржол төсемі мен жылжымалы құрамның өзге де элементтеріне де қатысты болып отыр.
Бұйрықта аталған шара «Сауда қызметін реттеу туралы» және «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес қабылданғаны аталған.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, яғни теміржол элементтерін жөндеу үшін тауарларды әкететін тұлғалар, тасымалдауға дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын салалық министрліктің Өнеркәсіп комитетіне келісімшарттарды, декларацияларды және орындалған жұмыстар актілерін ұсынуы тиіс.
Өз кезегінде ведомство Мемлекеттік кірістер комитетін жоспарланған жеткізілімдер туралы хабардар етеді.
Құжат биыл 30 қазаннан бастап күшіне енеді.
Айта кетсек, осы күзде отандық металлургия өндірісіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша ауқымды жоба басталды.