Қазақстанда мұнай-химия саласы стратегиялық мәнге ие болды

АСТАНА.KAZINFORM - Жақында қабылданған 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, ел бұл бағытқа 19 миллиард доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Қаражат зауыттарды жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарын салуға және ғылыми-зерттеу базасын қалыптастыруға жұмсалмақ, деп хабарлайды Kazinform.

 ҚазМұнайГаз
Фото: ҚазМұнайГаз

Бұл – әдеттегі жаңғырту емес. Көп жылдан бері бір-бірінен бөлек дамыған өндіріс, қайта өңдеу және ғылым салаларын бір жүйеге біріктіруге жасалған нақты әрекет. Мұндай қадамдар қазірдің өзінде нақты жобалар арқылы іске аса бастады.

Мысалы, Атырау облысында жұмыс істеп тұрған «KPI Inc.» газ-химия кешені Теңіз кен орнынан алынатын этанды пайдаланып, полипропилен шығарып отыр. Ал келесі жоба – «Силлено» кешені полиэтилен өндіруге бағытталған. Бұл жобада қытайлық Sinopec пен ресейлік СИБУР серіктес ретінде қатысып, өңірге технология мен экспорттық әлеует әкеліп жатыр.

Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мұндай жобаларды тек үлкен амбиция емес, сонымен қатар үлкен сынақ ретінде қабылдау қажет.

– KPI Inc. жобасын іске қосу үшін он жылдан астам уақыт қажет болды. Мұндай кідірістер мұнай-химияда сирек емес. Бұл салада қателік қымбатқа түседі, ал асығыстық қауіп тудырады, – дейді сарапшы.

Қаншама тәуекелге қарамастан, мұндай бастамалар саланың құрылымын түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазақстан мұнай-химияны енді жай ғана «өндірудің жалғасы» деп емес, әлемдік жетекші компаниялармен бір деңгейде ойнайтын сала ретінде қабылдай бастады.

Осы өзгерістердің аясында сала көлем емес, зияткерлік құнға басымдық бере бастады – катализаторлар, композиттер, арнайы пластиктер және жоғары технологиялық салаларға арналған химия алдыңғы орынға шықты. Мұндай трансформацияны ірі ойыншылар жүргізіп келеді: SABIC 2023 жылы автокөлік және энергетика секторларына арналған инженерлік пластиктер желісін кеңейтті; LyondellBasell 2024 жылы қайта өңделген және жаңартылатын шикізаттан алынатын полимер өндірісін 65%-ға арттырды; Қазақстанның стратегиялық инвесторларының бірі – СИБУР Қазанда катализатордың толық циклін шығаратын өндірісті іске қосты. Сауд Арабиясынан бастап Еуропа мен Орталық Азияға дейін бұл сала бір бағытта дамып келеді – шикізаттан технологияға қарай.

Бұл өзгерістің себептері де түсінікті. Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша, 2027 жылға қарай әлемде мұнай тұтыну көлемі тәулігіне 104–105 миллион баррель деңгейінде тұрақталады. Яғни, шикізат өндіруге негізделген кезең аяқталуға жақын. Ендігі жерде мұнай-химия саласы көмірсутек экономикасында ең көп қосылған құн әкелетін бағытқа айналмақ. Айта кетерлігі, жасыл экономикаға көшу туралы айтылғанына қарамастан, Азия, Таяу Шығыс және Орталық Еуразия елдері мұнай өндіруге емес, оны өңдеуге инвестиция салуда. Бұл – қазіргі парадокс: көміртек шектеулерінің күшеюіне қарамастан, химия саласы әлі де мұнай индустриясының ең серпінді бөлігі болып қалып отыр.

Алайда бәрі де оңай емес. Полимерлерге деген сұраныс бұрынғыдай жылдам өсіп жатқан жоқ. Қытай импортты азайтып жатыр. Еуропа көміртекке қатысты талаптарын күшейтті. Мұнай-химия бүгінде құтқарушы сала емес, табыс пен бейімделу арасындағы уақытша ымыра рөлін атқарып отыр.

Жасыл өткел туралы қанша айтсақ та, мұнайдан технология жасау мүмкін болып тұрса, химия өз орнын сақтайды. Ендігі мәселе – тоннадан технологияны кім бірінші болып жасай алады.

Соңғы жаңалықтар