Қазақстанда мұнайды терең өңдеу 94 пайызға жетеді — Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM — 2040-шы жылға дейінгі тұжырымдамаға сәйкес, Қазақстанда мұнайда өңдеу қуаттылығы 39 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл туралы Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті.

— Мұнай-газ секторында қайта өңдеу көлемі артып келеді. Шымкент мұнай өңдеу зауыты өндірістік қуатын 12 млн тоннаға дейін ұлғайтатын болады. Газ өңдеу саласы бойынша да Жаңаөзен «Қазақ Газ өңдеу зауыты», Қашаған газ өңдеу кешені және Теңіз газ айыру кешені сияқты маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аталған өндіріс орындарының барлығы қосылған құны жоғары өнім шығаруды қамтамасыз етеді. «Бейнеу — Бозой — Шымкент» газ құбырының екінші желісі өңірлерді газдандыру ісін жеделдетіп, индустриялық жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Total Energies, Masdar, Energy China және China Power сияқты халықаралық әріптестермен бірлесіп, жалпы қуаты 4 ГВт-тан асатын жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту жобаларын іске асырып жатырмыз, — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, «жасыл» күн тәртібімен қатар, дәстүрлі энергетиканы, соның ішінде көмір секторын да дамытуға баса мән берілген. Жалпы қуаты 1 (бір) ГВт болатын үш заманауи көмір жылу электр станциясының құрылысы басталды.
— Біз мұнай өңдеу саласын дамытуға да басымдық беріп отырмыз. Бүгінде жылына шамамен 18 млн тонна мұнай өңделеді. Саланы дамытудың 2040-шы жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, өңдеу қуаттылығы 39 млн тоннаға дейін ұлғайып, өңдеу тереңдігі 94 пайызға жетеді. Сонымен қатар Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясындағы өз міндеттемелеріне берік болып, жаһандық мұнай нарығын тұрақтандыру үшін қажетті шараларды қабылдап отырғанын атап өтемін, — деді Премьер-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Kazakhstan Energy Week — 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов компания үшін аса маңызды бағыттарды атады.