Қазақстанда нашақорлықпен күрес айлығы басталды

«Айлық барысында Қазақстанның барлық өңірлерінде дөңгелек үстелдер, пікірталастар ұйымдастырылып, оларға атақты актерлер, спортшылар мен әншілер қатысады. Халық көп жиналатын орындарда танымал адамдар мен ардагерлердің қатысуымен флэш-моб шараларын өткізу жоспарланған. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында, наркодиспансерлерде, жастардың денсаулық мектептерінде және темекіге қарсы орталықтарда ашық есік күндері ұйымдастырылып, азаматтарға психологтар, наркологтар және әлеуметтік қызметкерлер тегін кеңестер береді», - делінген ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі мәліметінде.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткіні бақылау жөніндегі комитетінің 2014 жылғы баяндамасында есірткі тұтынушылардың жалпы саны әлем халқының өсіміне сай артып келе жатқаны айтылған. Ине арқылы есірткі пайдалатын тұлғалардың жартысынан астамы С гепатитін жұқтырған деген жорамал бар.
«Алкоголь және есірткіге мониторинг орталығы» қоғамдық қоры жариялаған 2014 жылға арналған Қазақстандағы нашақорлық туралы ұлттық есепке сәйкес, республикадағы есірткі тұтынушылардың негізгі бөлігі ішкі инъекцияларға тиесілі. Есірткі пайдаланудың алдын алу және олардың заңсыз айналымына қарсы күрес - республикада мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.