10:41, 29 Мамыр 2015 | GMT +5
Қазақстанда өндірістік жарақаттар төмендеп келеді - вице-министр Д. Арғандықов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары өндірістік жарақаттардың төмендеуінің оңтайлы қарқыны байқалуда. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен «Нұр Отан» партиясы Фракциясының жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің кеңейтілген біріккен отырысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Дәулет Арғандықов мәлім етті.

«Соңғы жылдары өндірістік жарақаттарының төмендеуінің оңтайлы қарқыны байқалуда. Мәселен, 2010 жылы өндірісте 2179 адам зардап шексе, ал 2014 жылдың қорытындысы бойынша зардап шеккендер саны 8 пайызға төмендеп, 2006 адамды құрады. Адам өлімімен аяқталған зардап шегушілердің қатары 2010 жылдан бастап 2014 жылы аралығында 8,1 пайызға төмендеді (365-тен 334-ке дейін)», - деді министрдің орынбасары жұмыс берушілер тарапынан ҚР-дың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі заңнамасының талаптарын сақтау тақырыбына арналған отырыста.
Оның сөзіне қарағанда, еңбек қауіпсіздігі мен қорғау саласында мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің кешенді шараларының нәтижесінде оңтайлы көрсеткіштерге қолжеткізілді.