Қазақстанда өңірлік әлеуметтік төлемдерді цифрландыруға арналған 13 бағыт айқындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Бірыңғай цифрлық платформаны дамыту және әлеуметтік қызметтерді автоматтандыру мәселелері қаралды.

в
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мәслихат шешімімен тағайындалатын өңірлік әлеуметтік төлемдерге талдау жүргізгені айтылды.

Нәтижесінде цифрлық форматқа көшіруді қажет ететін 13 бағыт анықталған.

Ведомство мәліметінше, бұл әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдерін біріздендіріп, көмекті алу процесін ашық әрі жедел етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта министрліктің Бірыңғай цифрлық платформасы әлеуметтік қолдау шараларын автоматтандыруға арналған негізгі технологиялық база ретінде қалыптасып отыр.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің қызметтерін цифрландыру бағытында да жұмыстар жүргізілген.

Платформаның мемлекеттік деректер базалары және eGov порталымен интеграциялануы нәтижесінде биылғы мамыр айының соңынан бастап «Жалпыға бірдей білім беруді» әлеуметтік қолдау шараларын цифрлы форматта көрсету мүмкіндігі пайда болады.

- Енді ата-аналар қағаз анықтама жинап, мәртебесін растауға міндетті болмайды.

Жүйе отбасының әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер негізінде көмекті алу құқығын автоматты түрде анықтайды, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпаратта.

Кеңес қорытындысында Асқарбек Ертаев цифрландыру ең алдымен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталуы тиіс екенін айтты.

Министрлік 2026 жылдың соңына дейін платформаны барлық өңірге енгізіп, оны Қаржы министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Нұр Жолы» өткізу бекетінде 1 мамырдан бастап тасымалдаудың цифрлық төлқұжатын қолдануға болады.