Қазақстанда өңірлік креативті индустрияны дамытуға бағытталған Creative Aimaq жобасы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM - Креативті индустрияларды дамыту қоры өңірлердің шығармашылық әлеуетін танытып, жергілікті брендтер мен мәдени бастамаларды көпшілікке кеңінен насихаттауға арналған Creative Aimaq жәрмеңкесін бастайды.

Қазақстанда өңірлік креативті индустрияны дамытуға бағытталған Creative Aimaq жобасы өтеді
Фото: ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба аясында көрме, шеберлік сабағы, мәдени бағдарлама және жергілікті өндірушілердің өнімдерін таныстыру іс-шаралары ұйымдастырылады.

Жобаның алғашқы аптасы Ақмола облысында өтеді.

11-14 маусым аралығында Креативті индустрияларды дамыту қоры алаңында өңір өндірушілері өз өнімдері мен авторлық жобаларын көпшілікке ұсынады.

Бүгінде Ақмола облысында креативті индустрия саласында 1 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан тіркелген. Өңірдегі неғұрлым дамыған бағыттардың қатарында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, компьютерлік ойындарды шығару, тоқыма және тігін өндірісі, ұлттық киім тігу, сондай-ақ кәдесый дайындау бар.

-Жоба аясында келушілер өңір шеберлері мен өндірушілердің бірегей өнімдерін сатып ала алады,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева креативті индустрияның Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының маңызды бағытына айналып келе жатқаны туралы айтты.