Қазақстанда орташа жалақы мөлшері қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026 жылдың I тоқсанындағы орташа айлық жалақы 461 486 теңге болды. 2025 жылдың тиісті тоқсанға қарағанда 9,1%-ға өскен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.
Бюро дерегінше, атаулы жалақы индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,1% болса, нақты мәнде 97,7% болды. Ал 2026 жылдың I тоқсанындағы медианалық жалақы көлемі 331 527 теңгеге жетті.
Статистикаға сәйкес, 2025 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсімі ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында тіркелген – 20,3%. Сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметінде – 18,1%, сумен жабдықтау, су бұру, қалдықтарды жинау және өңдеу, ластануды жою қызметтерінде – 16,5%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтау саласында – 14,7%, көлік және қоймалау саласында – 12,9%, өнеркәсіпте – 11,6% өсім байқалды.
Ал денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында орташа айлық жалақы 7,0%-ға, білім беру саласында 4,2%-ға артқан.
Өңірлер арасында 2026 жылдың I тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең жоғары өсімі Абай облысында – 14,2%, Павлодар облысында – 12,4%, Жетісу облысында – 12,2%, Алматы облысында 10,9% және Алматы қаласында 10,7% деңгейінде тіркелді.
Бұған дейін Қазақстанда жалақы берешегі бойынша 642 млн теңге анықталғанын жазғанбыз.