Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылықтың 90 пайызға жуығы әйелдерге жасалады

Бас Прокурордың айтуынша, ұрмыстық зорлық-зомбылық - ауыр әлеуметтік салдары бар проблема. «Зорлық-зомбылық өз алдына тек жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып келеді. Көшедегі агрессияның да бір себебі - отбасындағы жағдай. Үйден ашуымен шыққан адам өшін өзгеден алады. Адамдардың қоғамдық жерлердегі және көліктегі теріс қылықтары, көп жағдайда, отбасында болып жатқан жағдайлардың көрінісі», - деді Бас прокурор. Оның айтуынша, статистикаға сәйкес, Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 90 пайызға жуығы әйел адамдарға қатысты жасалады. Егде адамдар мен балалар зорлық-зомбылық әрекеттерге тап болатын жағдайлар да аз емес. «Біздің мақсатымыз тұрғындардың сана-сезімін өзгертудің жаңа жолдарын іздестіру, осы проблемаға деген көзқарасты өзгерту. Кейінгі жылдар ішінде елімізде осы саладағы заңдылықты нығайту бойынша заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды. Нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың азаю динамикасына қол жеткізілді. Алайда бұл проблема әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық сол күйінде маңызды әлеуметтік проблема болып қалып отыр. Көптеген құқық бұзушылар жазасыз қалуда, ал зорлық-зомбылық фактілері айтылмаған күйінде тіркелмей қалады. Ресми статистика жәбірленушілердің полицияға шағымдануына кедергі келтіретін көптеген факторлар салдарынан жағдайдың нақты сипатын көрсетпей отыр. Сол себепті отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алудың тіптен жаңа жолдарын іздестіру маңызды. Осындай әрекеттердің алдын алуда әлеуметтік-құқықтық шараларға басымдық беру керек», - деді бас прокурор.