Қазақстанда «пара алушылармен» қатар, «пара берушілер» де қатаң жауапкершілікке тартылуда - Қаржы полициясы

АСТАНА. Наурыздың 18-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда «пара алушылармен» қатар, «пара берушілер» де қатаң жауапкершілікке тартылып жатыр.

Қазақстанда «пара алушылармен» қатар, «пара берушілер» де қатаң жауапкершілікке тартылуда - Қаржы полициясы
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Осы жылдың ақпанында Жамбыл облысында облыстық мәслихаттың депутаты қаржы полициясы органдарының қызметкеріне 3 млн. 700 мың теңге пара беру кезінде ұсталды. Осылайша, ол өзінің жақын туыстарына қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуға тырысқан. Айыпталушы қамауға алынды», - деді брифингте ресми өкіл. М. Жұманбай сонымен қатар Батыс Қазақстан облысындағы Бөрілі ауданының Қызылтал ауылдық округының әкімі қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанын жеткізді. Әкім тергеуге дейінгі тексеріс материалдары бойынша сұрақты оң шешу мақсатында қаржы полициясы қызметкеріне 70 мың теңге пара берген кезінде ұсталған. М. Жұманбай пара алушылар тікелей пара алу кезіндегі жауапкершілікті болдырмау мақсатында делдалдарды пайдаланатынын да айта келе: «Кей жағдайларда делдалдар өз әрекеттерінің қаншалықты заңға қайшы екенін түсінбейді», - деді.