Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда парниктік газдар шығарындыларына қатысты жаңа ережелер енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде парниктік газдар шығарындылары мен олардың сіңірілуін мемлекеттік реттеу қағидаларының жаңа редакциясы күшіне енді. 

Қазақстанда парниктік газдар шығарындыларына қатысты жаңа ережелер енгізілді
Фото: Kazinform

Тиісті бұйрыққа Экология және табиғи ресурстар министрі 2026 жылғы 27 шілдеде қол қойған. Құжат 10 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.

Жаңа редакцияда пайдаланылатын ұғымдардың тізімі едәуір кеңейтілді. Атап айтқанда, қағидаларда әдіснама, алғашқы беру, жылыстау, базалық сценарий, бірлескен тәсіл, валидация және верификация, сондай-ақ, Париж келісімінің халықаралық тетіктері, авторизациялау және көміртегі бірліктерін жою ұғымдарына анықтама берілген.

Парниктік газдар шығарындыларын мемлекеттік реттеу бұрынғыдай үш негізгі құрал арқылы жүзеге асырылады. Олар — көміртегі бюджеті, көміртегі квоталауы және қондырғылар операторларын әкімшілендіру.

Көміртегі бюджеті қатарынан бес жылды қамтиды. Әрбір осындай кезең үшін квоталанатын және квоталанбайтын шығарындылардың көлемін белгілейтін көміртегі бюджеті айқындалады. Ескеретін жайт — тиісті кезеңдегі елдің жалпы көміртегі көлемі белгіленген бюджеттен аспауы қажет.

Ал көміртегі квоталауы квоталанатын шығарындылардың жалпы мөлшерін шектеуді және көміртегі квоталарын тиісті субъектілер арасында бөлуді көздейді.

Квоталауға электр энергетикасы, мұнай-газ, тау-кен, металлургия және химия өнеркәсібіндегі көмірқышқыл газының шығарындылары жатады. Арнайы талаптар өңдеу өнеркәсібінің жекелеген бағыттарына, атап айтқанда цемент, әк, гипс және кірпіш өндіруге де қолданылады.

Сонымен бірге, реттелетін секторларда жылына 20 мың тоннадан астам көмірқышқыл газын шығаратын қондырғы квоталанатын қондырғы болып есептеледі. Мұндай қондырғының операторы квоталау субъектісі деп танылады.

Жаңа қағидалар климаттық жобаларға қалай әсер етеді

Жаңа редакцияда нарықтық тетіктерге Қазақстанның қатысуына арналған жеке тарау енгізілді. Айта кетейік, аталған норма Париж келісімінің 6-бабында көзделген. Бұл тетіктерге әр ел ерікті түрде атсалыса алады.

Қағидалар парниктік газдар шығарындыларын қысқарту немесе олардың сіңірілуін арттыру нәтижелерін мемлекеттер арасында бөлісуге мүмкіндік береді. Мұндай бастамаларды іске асыру үшін өтініш беруші уәкілетті органға жобаның тұжырымдамасын ұсынуы керек.

Уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде жобаның тұжырымдамасын тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды. Олар құжатты 10 жұмыс күні ішінде қарап, салалық қорытынды ұсынады. Ал бас тарса, оның себебін дәлелмен түсіндіруі керек.

Одан кейін жүйе операторы тұжырымдамаға 30 жұмыс күні ішінде сараптама жүргізеді. Қарсылық болмаған жағдайда жоба Париж келісімінің 6-бабы шеңберіндегі тиісті тізілімде тіркеледі.

Бұдан соң, өтініш беруші жобалық құжаттаманы, мониторинг жоспарын және тұрақты даму жоспарын әзірлейді. Жүйе операторы бұл құжаттарды валидациядан және келесі сараптамадан өткізеді. Құжаттаманы қарауға 30 жұмыс күніне дейін уақыт беріледі.

Егер оң шешім қабылданса, уәкілетті орган 15 жұмыс күні ішінде жобаны және мониторинг жоспарын мақұлдау туралы хат жібереді.

Жоба іске асырылғаннан кейін, өтініш беруші бекітілген жоспарға сәйкес мониторинг жүргізеді. Жобаны іске асыру және тұрақты даму туралы верификацияланған есептер де жүйе операторының сараптамасынан өтеді. Бұл рәсім 30 жұмыс күні ішінде аяқталуы тиіс.

Оң қорытынды берілген жағдайда шығарындыларды қысқарту немесе олардың сіңірілуін арттыру нәтижелері тиісті тізілімде есепке алынады. Алайда халықаралық деңгейдегі нәтижелер мәртебесі оларға тек авторизациядан кейін беріледі.

Авторизация әрбір верификацияланған жоба есебі бойынша жеке жүзеге асырылады. Алынған хат болашақ кезеңдердегі нәтижелердің бүкіл көлемін алдын ала жөнелтуге құқық бермейді, яғни әр кезең үшін жаңа верификация мен авторизация қажет.

Авторизациядан кейін нәтижелер халықаралық деңгейде берілетін мәртебеге ие болады және олар туралы ақпарат халықаралық есепке алу жүйесіне жіберіледі.

Сонымен қатар, жаңа редакцияда көміртегі қағидаттары аясында ерікті түрде әзірленген жобалар бойынша бірлескен тәсілдерді іске асыру тәртібі және оларды мақұлдау критерийлері белгіленген.

Одан бөлек, Париж келісімі жобалық тетіктері аясында климаттың өзгеруін барынша баяулату жөніндегі халықаралық деңгейде берілетін нәтижелерді есепке алу тәртібі де жеке реттелген.

— Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын; 3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін, — делінген құжатта.

Парниктік газдар шығарындылары мен олардың сіңірілуін мемлекеттік реттеу қағидаларының жаңа редакциясы 2026 жылғы 10 тамызда күшіне енді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 2035 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 17%-ға қысқартуды көздейтінін жазғанбыз.