Қазақстанда педиатриялық көмек стандарты жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы елімізде даму кемістігі бар балаларды ерте анықтау және сүйемелдеу жүйесі айтарлықтай нығайтылды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

педиатрия
Фото: ДСМ

Өмірдің алғашқы айларынан бастап дамуының бұзылу қаупі бар балаларды ерте диагностикалауға, араласуға және кешенді қолдауға бағытталған педиатриялық көмек стандарты жаңартылды.

— МСАК ұйымдарының базасында 290 ерте даму және араласу орталығы ашылды, сондай-ақ 139 педиатриялық бөлімше құрылды. ЮНИСЕФ қолдауымен жас балалардың дамуын бақылау бойынша GMCD нұсқаулығы енгізіліп жатыр. 18 мастер-жаттықтырушы оқытылды. Барлық өңірлерде көмектің сапасын арттыру үшін патронаждық бақылаудың әмбебап прогрессивті моделі және балалар жасындағы ауруларды интеграцияланған басқару бойынша оқу-әдістемелік орталықтар құрылды, — делінген министрлік хабарламасында.

Тұрақты оқыту бағдарламаларын, журнал клубын және шала туған балаларды күту бойынша неонаталдық мейіргерлерді апта сайын оқытуды қоса алғанда, мамандарды кәсіби қолдаудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылды.

Ерте күтімнің кешенді дамуы нәресте өлімінің төмендеуінің және елдегі балалардың өмір сүруінің өсуінің негізгі факторларының біріне айналды.

Осыған дейін 2025 жылы Қазақстан ана денсаулығын сақтау жүйесін күшейтіп, әйелдерге арналған профилактикалық және мамандандырылған қызметтердің қолжетімділігін кеңейткені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар