Қазақстанда ірі шиналарды қайта өңдеу тәртібі өзгеруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ірі және аса ірі габаритті шиналарды жинау мен қайта өңдеуді жеңілдету ұсынылып отыр. Экология министрлігі шиналарды тасымалдау алдында қалдық түзілетін орындардың өзінде алдын ала кесу мүмкіндігін қарастырмақ. Бұл тасымалдау шығынын азайтып, шиналарды қайта өңдеуге тезірек жіберуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті.
Ведомство «Жасыл даму» АҚ және ірі габаритті және аса ірі габаритті шиналарды (ІГШ және АІГШ) қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың өкілдерімен бірлесіп, оларды жинау, тасымалдау және қайта өңдеуге беру процестерін жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
Жұмыс кеңесі барысында жинақталған ІГШ және АІГШ-мен жұмыс істеу тиімділігін арттыруға бағытталған кәсіпорындардың ұсыныстары қаралды.
— Ұсыныстардың бірі қалдықтар түзілетін орындардың алаңдарында шиналарды алдын ала кесуді ұйымдастыруды көздейді. Бұл тәсіл тасымалдауға жататын шиналардың көлемін азайтуға, көлік шығындарын қысқартуға және жинақталған қалдықтарды қайта өңдеуге беруді жеделдетуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша ұсыныстарды пысықтау жұмысы мүдделі мемлекеттік органдардың, «Жасыл даму» АҚ-ның және сала кәсіпорындарының қатысуымен жалғасатын болады.
Бұған дейін Қостанайда шина қалдықтары қайта өңделіп, кәдеге жаратылатынын жаздық.