Қазақстанда резонанс тудырған тұтынушылық істердің есебі жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тұтынушылардың құқығына қатысты ірі даулар арнайы есепке алынып жатыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергенов айтты.

Қазақстанда резонанс тудырған тұтынушылық істердің есебі жүргізіледі
Фото: Euronews

Оның сөзінше, мұндай істер азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және тұтынушылардың құқығын тиімді қорғау үшін бақылауға алынған.

Резонанстық істер үш негізгі өлшем бойынша анықталады. Атап айтқанда, тұтынушыға келтірілген шығын көлемі 5 млн теңгеден асса, бір мәселе бойынша бес және одан көп адамның құқығы қорғалса немесе азаматтардың құқығы жаппай бұзылған жағдайда сотқа талап арыз берілсе, іс арнайы есепке енгізіледі.

— Биылғы алғашқы үш айда тұтынушыларға 5 млн теңгеден астам қаржы қайтарылған істер бойынша 18 адамның құқығы қорғалды. Қайтарылған қаражаттың жалпы көлемі 190 млн теңгені құрады, — деді Болат Танабергенов.

Сонымен қатар бір мәселе бойынша бірнеше адамның құқығы бұзылған 6 іс қаралған. Соның нәтижесінде 31 тұтынушының мәселесі шешіліп, оларға 4,2 млн теңге өтелген.
Бұдан бөлек, оннан астам адамның құқығы бұзылған жағдайда сотқа тұтынушылардың белгісіз тобының атынан талап қою тәжірибесі де қолданылып жатыр.

— Осы бағытта 3 іс қаралды. Нәтижесінде 44 тұтынушының құқығы қорғалып, 1,8 млн теңге өндіріліп берілді, — деді комитет төрағасы.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында тұтынушыларға 44 млн теңге қайтарылғанын жазған едік.