Қазақстанда салық төлемей жұмыс істеп жүрген бірнеше шетелдік платформа бұғатталуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов Қазақстанда сауда жасағанымен салық төлемейтін шетелдік платформалар бар екенін мәлім етті.

- Қазірдің өзінде салық төлеуден жалтарып жүрген белгілі бір салық төлеушілердің пулы бар. Олармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ескертпелерімізді орындаудан жалтарып жүрген салық төлеушілерге қатаң шаралар қолданамыз, - деді Талғат Әділов.
Айтуынша, жаңа Салық кодексі комитетке осындай өкілет беріп отыр.
- 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда тәртіп бойынша тіркелмеген және салық төлемей жүрген шетелдік платформаларды бұғаттайтын норма күшіне енеді. Әуелі ескертпе жібереміз. Ол ескертпенің талаптарын орындамаса, Қазақстанда жұмыс істемейтіндей етіп бұғаттаймыз. Қазір банктер шетелдік интернет платформалардың ақша операциялары туралы мәліметтерді жыл сайын беріп отырады. Бірақ олардың салық есептілік кезеңі тоқсан сайын болғандықтан жаңа бұйрық бойынша банктер де тоқсан сайын ақпарат беретін болады, - деді ол.
Талғат Әділов Қазақстан бюджетіне ең көп салық төлеген шетелдік платформаларды да атады.